Шахматтан әлем үздіктері Астанаға жиналды

Шахматтан әлем үздіктері Астанаға жиналды

Бұнда шахматтан әйелдер арасында алғаш рет ерекше форматтағы турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни Қазақстанның ең мықты деген спортшылары әлемнің айтулы шахматшыларына қарсы ойнайды. Жарыс «А» және «В» санаттарында өтіп жатыр. Алғашқысында ел намысын Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлик, Динара Сәдуақасова және Меруерт Қамалиденова төрттігі қорғап жатыр. Әлем құрамасында қытайлық Хоу Ифань, үндістандық Харика Дрюнавали, әзірбайжандық Гюнай Мамедзадэ және грузиялық Нана Дзагнидзэлер бар. Алғашқы күндері олар рапид бойынша 8 тур ойнады. Әсіресе Бибісара Асаубаеваның жеңісін ерекше атап өту керек. Ол 4 дүркін әлем чемпионы және қазір әлемдік рейтинг көш бастар тұрған Хоу Ифаньды екі мәрте ұтты. Шахмат мамандары бұны сенсацияға балап жатыр. Бірақ жалпы есепте 34:29 есебімен әзірге әлем командасы алда келеді.

Енді 19 сәуір күні шахматтың блиц түрі бойынша шешуші кездесулер өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 50 мың АҚШ долларды құрайды.

Ал негізгі бәсеке дәл қазір ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь арасында өтіп жатыр. Олар классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын сарапқа салуда. Күні кеше 7-ші тур өтті және ол ресейлік спортшының жеңісімен аяқталды. Ян ақ түсті фигуралармен ойнады және 33-ші жүрістегі қарсыласының қателігін ұтымды пайдаланды. Нәтижесінде 37-ші жүрістен кейін Дин Лижэнь жеңілгенін мойындады. Осылайша, 7 кездесуден кейін 4:3 есебімен Ян Непомнящий алға шықты. Енді олар 1 күндік демалыстан кейін қайтадан жарыс алаңына оралады. Қос шахматшы дәл осылай 14 мәрте жолығуы қажет. Жарыстың жалпы қорытындысы 1 мамырда белгілі болады.

Айта кетейік, бұл бәсекеге 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен қатысып, өз атағын қорғауы керек еді. Бірақ ол халықаралық федерациямен арадағы кикілжіңге байланысты жарысқа қатысудан бас тартты.