Түркістанда бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті
Жергілікті спортшылар топ жарды.
Түркістанда бокстан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері әрі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Жыл сайын тұрақты өткізілетін жарысқа биыл 7 елдің өкілдері, яғни, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Камбоджа, Моңғолия және Кубаның боксшылары келді. Бұған қоса Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жерлестеріміз де бар. Бас-аяғы 163 спортшы бір апта бойы айқасты. Нәтижесінде жергілікті, яғни, Түркістан облысының спортшылары 4 алтын, 3 күміс және 6 қола жеңіп алып, жалпы есепте алға шықты. Әсіресе, Әбдіғалым Әбдікәрім, Рамазан Дауетай, Бекболат Әбдікерім және Даниаль Сапарбай сияқты жігіттер барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Дәл осылай 13 салмқа дәрежесінде медальдар сарапқа салынды. "Байрақты бәсеке жас таланттарды қазірден анықтап, болашақ чемпиондарды дайындауға және және боксшылардың өзара тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауына керемет мүмкіндік", - дейді мамандар.