Алматыда әуесқой спортшылар марафонға шықты
Бұл жолғы жарысқа 8 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жүгірген жұрт тек алматылықтар емес. Марафонға 30-ға жуық мемлекеттен спортшылар арнайы келген.
Алматылықтар салауатты өмір салтын таңдайды. Сондықтан марафонды асыға күтеді. Таңғы сағат 7 болмай жатып, қатысушылар жарыс басталатын жерден табылды. Марафонды 10 шақырымға жүгіретіндер ашты. Олардан кейін жарыс жолына скандинавиялық жүріспен шұғылданатын әуесқой спортшылар түсті.
Салтанат Қазыбаева, ұйымдастырушы:
- Біз марафонға тіркеуді өткен жыл соңында қараша айында ашқанбыз. Осыдан 2 апта бұрын ғана тоқтаттық. Шара халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Шетелден тұрақты келетіндердің саны артты. Биыл 29 елден қатысушылар келді. Былтыр 21 шақырым бойынша алғаш болып келген адам 1 сағат 4 минутта мәреге жетті.
Айта кетерлігі, бұл додаға қоларбада отырған балалалар да тұрақты түрде қатысып келеді. Осы жолы «Мейірім» оңалту орталығының атынан қатысқан 4 бала көппен бірге мәреге дейін жетті. Оларды спортшылар арнайы қоларбамен алып жүрді.
Елена Күзембаева, оңалту орталығының директоры:
- Алматы марафоны өз елімізде ғана емес, Орта Азияға және басқа да шет мемлекеттерге жақсы таныс. Біздің балаларымыз ерекше күтімді қажет етеді. Олар осылай көппен бірге шараға қатысып жатқанына қуанышты. Мұндай балаларға қолдау өте қажет.
Қатысушылар жарыс талабына сәйкес 10 және 21 шақырымды жүгіріп өтті. Оған 8 мыңға тарта адам қатысып, мүмкіндіктерін байқап көрді. Олардың арасында алғаш рет келіп жатқандар да, тұрақты қатысушылар да бар.
Болат Қаракүшіков, қала тұрғыны:
- Алматы жартылай марафонына бірінше рет қатысып жатырмын. 10 км жүгіріп, 1 сағат ішінде жүгіріп келдім. Аз ғана уақытта дайындалып, бүгін өзімді керемет сезініп тұрмын. Алғашқы медалім.
Айгүл Мәлікова, қала тұрғыны:
- Жасым 62-де, 6 марафонға қатыстым. Көппен жүгірген өте жақсы. Марафонға келгенде ылғи уақытым жақсы болып тұрады.Осында келгенде 5-6 минут жақсы жүгірем. Себебі жан-жағыңда жас адамдар, әдемі. Атмосфера жақсы. Жасарып кетесің.
Дамира Тоғжанова, қала тұрғыны:
- Жыл сайын болатын осындай шаралардың ішінде тек Алматы жартылай марафоны емес, басқа да марафондар бар. Күзгі, қысқы. Бірге жүгірейік.
Биыл 21 шақырымды ерлер арасында ресейлік Михайл Кульков 1 сағат 5 минутта, ал әйелдер арасында Қырғызстаннан келген Айнұсқа Қалилқызы 1 сағат 15 минутта жүгіріп өтті. Алғаш келген 3 ер адам мен 3 нәзік жанды ақшалай сыйлыққа ие болды. Келесі Алматы марафоны күзде өтеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев.