Қостанайда жас хоккейшілер арасындағы республикалық турнир өтіп жатыр
Қостанайда тұңғыш рет шайбалы хоккейден ашық республикалық турнир жалауын көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Байрақты бәсекеде еліміздің әр өңірінен бөлек, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген жас хоккейшілер бақ сынап жатыр. Үздік атанған ұжымға келер жылдың Қазақстан чемпионатының жолдамасы бұйырады.
Араға 15 жыл салып балалар арасындағы хоккей турнирі Қостанайға қайта оралды. Көптен күткен халықаралық жарыс жалауын көтерді. 7 команда 4 күн бойы өзара үздікті анықтайды.
Рустам Донанов, облыстық Хоккей федерациясының басшысы:
- Қостанай үшін бұл – тарихи сәт. Себебі бізде балалар хоккей енді ғана дамып келеді. Ал Рудный қаласында бұл дәстүр бұрыннан бар. Сондықтан бізде осы спорт түрін кең насихаттауда көп шаруа тындыру мақсаты тұр.
Турнир шымылдығын «Тобыл» мен Бішкектің «Алға» командасы ашты. Мол тәжірибенің арқасында қырғызстандық ұжым ірі есеппен басым түсті.
Ринат Мұстафаев, «ALGA» ХК бас бапкері:
- 2012-2013 жылы туған балалар үшін шетелдегі бұл – алғашқы ойын. Жарысқа келерде көптеген жолдастық кездесу өткіздік. Балалар 5 жыл бойы бір командада ойнайды. Бір-бірін жақсы біледі. Осындай факторлар жеңіске жетуімізге септігін тигізді.
Ал Рудныйдың «Горнягы» жергілікті жанкүйлерді қуантты. Кеншілер буллит сериясында Өзбекстанның «Хумо» командасынан мықты болды. Ереже сәйкес матч 45 минутқа созылды. Яғни, әр кезеңнің таза уақыты – 15 минут. Ойын барысы көзі қырағы төрешілер назарында.
Алексей Мурашов, төреші:
- Ересектерге қарағанда балалар арасындағы ойындарға төрелік ету әлдеқайда күрделі. Қырағы болмасаң, балалар жарақат алуы мүмкін. Оны болдырмауға тырысамыз.
Жас хоккейшілер бәсекесі – заманауи мұз аренасы үшін тұсаукесер турнир. Нысан былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бой көтерген.
Рустам Ибраев, ҚХФ Балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту жөніндегі директоры:
- 10 жастағы балалар арасындағы турнир алғаш рет өтіп жатыр. Қазақстан бойынша командалар 4 аймаққа бөлінген. Әр топта үздік шыққандар ел чемпионатында өнер көрсетеді. Одан әрі ойыншыларды ұлттық құрамаға іріктейміз.
Дәл осындай форматтағы турнир Астана, Қарағанды және Көкшетауда мәреге жетті.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.