Еліміздің хоккейден әйелдер құрамасы Кореяға сес көрсетті

Еліміздің хоккейден әйелдер құрамасы Кореяға сес көрсетті

Хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем чемпионатының алаң иелері Оңтүстік Кореямен кездесіп, негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнады.

Овертаймда бір шайба жіберіп алса да жерлестеріміз тәжірибесі мол корей ойыншыларына сес көрсетті.

Владислав Цой, тілші:

- Жалпы кез келген спортта өз  алаңында өнер көрсетудің өз сиқыры бар. Корея құрамасы соның тағы бір дәлелі. Олар қатысқан барлық матчтарда жанкүйерлер толы болды.  Және де корей қыздары барлық кездесуде жеңіске жетті. Бұл елдегі әйелдер хоккейінің өркендеп жатқанының белгісі.

Қазақстан құрамасының бапкері Виктория Сазонова чемпионаттағы төрешілерге өкпелі. Айтуынша Ұлыбританиямен өткен ойында әділетсіз айып шайбасы соғылған.  Әттеген айы сол 5 кездесудің төртеуінде біздің қыздар бір шайба айырмашылығымен ұтылған. Қақпамышымыз Арина Щеколова чемпионаттың үздік ойыншыларының бірі атанды. Жас құрама үшін бұл чемпионат үлкен тәжірибе болды. 

Виктория Сазонова, хоккейден ҚР Әйелдер құрамасының бас бапкері:

- Негізгі құрамда Катрин Мескини, Мадьяна Нүсіпова болды. Олар әлі небары 18 жаста. Саша Голотвина да өзін жақсы көрсетті. Алина Иванченко бүгін үздік ойыншы атанды. Біз жақсы қорғанамыз, бірақ, өкінішке қарай, батыл болу үшін әлі шеберлігіміз жеткіліксіз. 

Жәнел Қозғұлова, хоккейден ҚР Әйелдер құрамасының қорғаушысы:

- Менің ойымша, біз тағы да тырысып, барлығын толығымен жеңе алар едік. Бірақ әр ойында бір кезең жетпей қалады. Мүмкін көбірек сенімділік қажет шығар. Сәл қыспаққа  алғанда гол соғатын едік.

Оңтүстік Корея құрамасы барлық қарсыластарын қиналмай жеңді. Ал Қазақстанмен ойында 1:1 есебі соңғы минуттарға дейін сақталды. Жан алысып жан беріскен кездесуде тәжірибелі кәрістер соңғы секундта алға шықты. Ойын жексенбі күні өткендіктен Кореяның түкпір-түкпірінен қандастарымыз келіп, қолдау көрсетті. 

Индира Сексенбаева, студент:

- Менің қасымда жергілікті тұрғындар өз ойыншыларына қолдау көрсетті. Мен өзімді аздап жалғыз сезіндім, бірақ соған қарамастан мен еліммен мақтанамын. Ойыншыларымыз жақсы ойнады, соңына дейін берілмеді.

2024 жылғы әлем чемпионатында біздің қыздар екінші дивизионның А тобында өнер көрсетеді. Ересектер құрамасына екі ай бұрын әлем чемпионы атанған жасөспірімдер құрамасының хоккейшілері қосылады.

Владислав Цой, Ольга Лян