Спорттық гимнастикадан ел үздіктері анықталды
Алматыда спорттық гимнастикадан жазғы спартакиада мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
4 жылда бір өтетін байрақты бәсекеге 100-ге жуық қатысушы жиналды. Яғни, ерлер арасында 40, әйелдер арасында 50 спортшы өзара мықтыны анықтады. 3 күнге созылған жарыста спорттық гимнастиканың бірнеше бағыты бойынша және бірнеше жас деңгейі бойынша медальдар сарапқа салынды. Әсіресе ұлттық құраманың үздігі Милад Карими өз бабында екенін дәлелдеп, кезекті рет топ жарды.
Бұдан бөлек, Ильяс Азизов, Нұртан Ыдырысов, Илья Зайцев сияқты спортшылар да жеңіс тұғырына көтерілді. Қыздар арасында Арина Лебедева, Әмина Халимарден және Медина Кененбайлар жеңімпаз атанды. Жалпыкомандалық есепте Алматы облысының құрамасы алға шықты. Олардың ешнісінде 15 алтын медаль бар. Үздік үштікті Павлодар және Қостанайдан келген командалар түйіндеді. Енді ерекше көзге түскен спортшылардан қос бірдей ұлттық құрама жасақталып, алғашқысы жазда Азия ойындарына, кейінгісі күзде әлем чемпионатына қатысады.