Елордада хоккейден қыздар арасындағы ел чемпионаты өтті
Бұрымды хоккейшілер арасындағы біріншілік. Елімізде әйелдер хоккейінің дамуына, әсіресе болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліне бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған елордада өткен Қазақстан чемпионаты дәлел. 8 бен 13 жас аралығындағы қыздар жарысына 7 команда жиналды. Олар 3 күн бойы айналмалы жүйеде матчтар сериясын өткізді. Нәтижесінде жергілікті, яғни «Астана» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті Алматы мен Өскемен қаласының құрамалары түйіндеді.
Жарыстың басы-қасындағы мамандар чемпионат деңгейі жыл өткен сайын өсіп, командалар арасындағы бәсекелестік артқанын алға тартады. Айта кетейік, Астана қаласы қыздар арасындағы ішкі біріншілікті алғаш қабылдап тұр. Енді алдағы уақытта осындай форматтағы турнирлерді тұрақты өткізу жоспарланып отыр.
Бұлбұл Қарбанбаева, Әйелдер хоккейі академиясының жетекшісі:
- Былтыр ел чемпионатына 5 команда келіп еді. Биыл көрсеткіш жетеуге жетті. Яғни, жыл өткен сайын осы спорт түріне деген қызығушылық артып жатыр. Қыздардың деңгейі де жақсы. Ойындар өте тарысты өтті. Бірнеше қыз ерекше қабілетімен көзге түсті. Сәйкесінше ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар өсіп келеді деген сөз.