Астанада шахматтан супертурнир ұйымдастырылды
Аронян бас жүлдені жеңіп алды. Астанада алғаш рет шахматтан әлем үздіктері арасындағы супертурнир ұйымдастырылды.
Яғни, рейтингте ең жоғары тұрған және шахмат тарихынан орын алған 12 бірдей спортшы өзара мықтыны анықтады. Оның ішінде ерлер арасында 14-ші әлем чемпионы ресейлік Владимир Крамник, әйелдер арасында 13-ші әлем чемпионы қытайлық Хоу Ифань, бұған қоса, блиц бойынша бірнеше дүркін дүниежүзілік додада топ жарған Александр Грищук сияқты шахматшылар бар. Ал Қазақстан атынан Бибісара Асаубаева қатысты.
Айта кету керек, жерлесіміздің жолы болмады. Ол жалпы есепте ең соңғы сатыға тұрақтады. Бір аптаға созылған матчтар сериясының нәтижесінде америкалық Левон Аронянға тең келер ешкім болмады. Үздік үштікті үндістандық Арджун Эйригайси мен армениялық Айк Мартиросян түйіндеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 120 милиоин теңгені құрады.
Бибісара Асаубаева, әлем чемпионы:
- Жарыс қызықты әрі тартысты өтті. Қатысушылардың біразына өзім жеке хабарласып, форматы мен мақсатын түсіндірдім. Бұдан бөлек, қазір Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы сарапқа салынып жатыр. Яғни, ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь 14 партиядан тұратын кездесулер сериясын өткізеді. Оған паралель балалар арасында да бірнеше жарыс ұйымдастырылуда. Осының барлығы елдегі шахматтың тың серпінмен дамып жатанын көрсетеді.