Мақтааралда спорт сарайы салынып жатыр

Мақтаарал ауданының орталығында спорт сарайының құрылысы жүріп жатыр.

Бұған дейін Мырзакент кентінде арнайы кешен болмаған. Аудан тұрғындары жастар спортпен шұғылданатын ғимарат жоқ екенін айтып, осы мәселені бірнеше мәрте көтерген болатын. Жаңа нысанның құрылысы қашан аяқталады? Онда қандай спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар? 

Рамазан Сатыбалды 10-сыныпта оқиды. Баскетболдан оқушылар арасында ҚР чемпионы. Түркістан облыстық құрамасының негізгі ойыншысы. Осыдан 5 жыл бұрын Мақтаарал мен Жетісай ауданы екі бөлінгенде спорт нысандарының дені Жетісай қаласында қалып қойған. Мырзакент те іргелі спорт кешені болмаған. Сондықтан аудан жастары мектеп ауласындағы алаңда спортпен шұғылдануға мәжбүр болғандарын айтады.

Рамазан Сатыбалды, оқушы:

- Бұл Мақтаарал ауданындағы ең бірінші спорт кешені деп айтсақ та болады. Біз алдында мектептің алаңында, ішінде спортпен айналысатын едік. Себебі бұл жерде спорт кешені жоқ еді. Баскетбол, футболды газондарда ойнайтын едік. Қазір енді керемет спорт кешені салынуда. Біз бұған өте қатты қуаныштымыз, ауыл балалары да қуанып жатыр.

Екі қабатты спорт сарайының құрылысы өткен жылы басталды. Биыл тамыз айында тапсырылады. Жоба құны 881 млн теңге. Мамандар мұнда спорттың барлық түрімен айналысуға мүмкіндік бар екенін айтады. Заманауи спорт кешенінің 1-қабатында кіші футбол, баскетбол, волейбол, гандбол және теннистен турнирлер өткізуге болады. Көрермендерге 150 орын қарастырылған. Ал 2-қабатында бокс, күрес, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға арналған жаттығу залдары бар.

Бекжан Назарбек, спорт кешенінің директоры:

- Халықтың игілігіне берілгеннен кейін ауданның спортын дамтыуға үлкен үлес қосады ғой деп ойлаймын. Қазірден бастап жастырмыз сұрап, қызығушылық танытып жаты. "Мынау «қандай кешен, қашан бітеді» деп. Өйткені бұндай кешендер халықаралық, республикалық деңгейдегі жастарды өткізуге үлкен мүмкіншілік береді. Спортшыларымызды биік дәрежеге көтеруге көмек береді. 

Спорт сарайы ел игілігіне берілген кезде аудан жастарының спортпен кәсіби деңгейде айналысуына мүмкіндік туады. Айта кетейік, бұған дейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өткен болатын. Одан бөлек 22 ауылда спорт алаңшасы салынды. Биыл тағы 4 кіші футбол алаңшасы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш