Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр
Төлтаев жеңілді, Қоңқабаев жеңді.
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні шаршы алаңға қос бірдей жерлесіміз шықты. Алдымен 63 келідегі Санатәлі Төлтаев Маврикий елінің өкілі Ришарно Колимен жолыққан. Жекпе-жек барысында Санатәлі айқын басымдық таныта алмады. Сәйкесінше, төрешілер шешімімен Коли жеңіске жетті. Ашығын айту керек, бокс мамандары бұндай нәтижені күтпеген еді. Санатәлінің өзі оны жекпе-жектен кейін былай түсіндірді.
Ал кешкі сессияда қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Алексей Дроновпен кездесті. Бокс жанкүйерлері бұл жекпе-жекті тағатсыздана күтті. Өйткені, ресейлік боксшы небәрі 21 жаста және осы аралықта жасөспірімдер арасындағы олимпиаданы, жастар арасындағы әлем чемпионатын ұтып үлгерді. Ал жерлесіміз ересектер арасында олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдегері. Сәйкесінше, қос мықты арасындағы айқас аса тартысты болды. Қамшыбек ә дегенннен басымды өз қолына алып, тіпті, 3-ші раундта қарсыласын нокдаундқа жіберді. Нәтижесінде, Алексей жарыс жолынан шығып қалды. Ал Қамшыбек іріктеу кезеңінде келесі жекпе-жегіне дайындалады.
Ташкенттегі әлем чемпионаты бүгін де жалғасын табады және енді 3 жерлесіміз шаршы алаңға шығуы қажет. Яғни, жеңіл салмақтағы Серік Теміржанов пен ауыр салмақтағы ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбайлардың жекпе-жегін көреміз. Дүниежүзілік додаға бас-аяғы 13 боксшымыз аттанды. Ал қатысушылардың жалпы саны 600-ден асады. Биылғы бәсекеге 104 елдің өкілдері жиналды.Өзбекстан астанасындағы әлем чемпионатының жалпы қорытындысы 14-ші мамырда белгілі болады.