Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан үздіктер қатарынан көрінді
Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық ауыр атлеттер бақ сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесінде 20 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Әзірге біздің құраманың қоржынында 2 қола бар. 3-орынды 55 келіге дейінгі салмақта Арли Чонтей мен 73 келі салмақ дәрежесінде Алексей Чуркин иеленді. 11 мамыр 2 жаттығудың қорытындысы бойынша, Айша Омарова 4-ші болды. Спортшы 87 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті.
12 мамыр күні қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы, Артем Антропов және Андас, одан кейін 13 мамырда Айсамал Сансызбаева мен Любовь Ковальчук алаңға шығады.
Иван Сивохин, ҚР Ауыр атлетикадан әйелдер құрамасының бас бапкері:
- Мұнда Азия аймағының барлық мықты спортшылары келді. Олардың мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысу үшін лицензия алу. Сондықтан бәсеке өте жоғары. Бірақ соған қарамастан біздің спортшылар жақсы өнер көрсетті деп ойлаймын.
Айша Омарова, ауыр атлетикадан ҚР құрамасының мүшесі:
- Шынымды айтсам, күш жеткен жоқ сияқты. Бірақ алда әлі үлкен жұмыс күтіп тұр. Жұмыс істейміз, тырысамыз. Негізі біз, менің ойымша, әлі жаспыз. 2000, 2001 жылғылар келдік. Бұрында 27-дегі, 25-тегі жастар шыққан. Қазір біз кішкене өзіміздің қарсыластарымызға қарағанда жаспыз деп ойлаймыз.