Түркістан облысында «Көшпенділер ойыны» басталды
«Өгіз көтеру», «Садақ ату», «Арқан тартыс».
Түркістан облысының Төлеби ауданында өңірлік «Көшпенділер ойыны» басталды. Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай ұйымдастырлыған сайысқа облыстағы кіл мықты спортшылар қатысып жатыр. Осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек қазір бізбен тікелей байланысқа шықты. Жарысқа қанша команда, ұлттық ойынның қанша түрі бойынша қатысып жатыр?
Жандос Жұмабек, тілші:
- 3-мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі «Көшпенділер ойыны» биыл Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласы маңындағы этноауылда өтіп жатыр. Оған Түркістан облысының 16 ауданнан ұлттық ойынды ұлықтап жүрген 16 команда, 160 спортшы қатысуда. 14 пен 35 жас аралығындағы жастар ұлттық спорт ойынының 7 түрінен сынға түсіп, өзара мықтының анықтайтын болады.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, ат құлағында ойнайтын жігіттер көкпар тартып, аударыспаққа шықса, қара күш иелері өгіз көтеріп, мықтылығын дәлелдейді. Жауырыны жер иіскемеген палуандар боз кілемнің үстінде қазақша күрестің көрігін қыздырмақ. Ал құралайды көзге атқан мергендер жамбы атып, өрнекті ойын көрсетеді деп күтілуде. Белі мен білегі мықтылары арқан тартса, ептілері ләңгі тебу сайысында бағын сынайды. Жалпы «Көшпенділер ойынына» жігіттің жігіті қатысады. Мамандар бұл сайысты өскелең ұрпақтың бойына салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды сіңіру, ұлттық ойындарымыз арқылы жастардың рухын көтеріп, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырып отырғандарын айтады. Жарысқа қатысушылармен тілдесіп көрейік.
Бүгінгі «Көшпенділер ойынының» жеңімпаздары командалық есеппен анықталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додада қай ауданнан келген команданың жеңімпаз болатыны түстен кейін белгілі болады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1,5 млн теңге. Бабы мен бағы қатар жанып, 1-орын алған команда 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болып, сайыстың арнайы кубогін иеленеді.