Әлем чемпионатында 5 боксшымыз финалға шықты
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан жылдың басты бәсекесі – әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер бұл жолы бірінен соң бірі жеңіске жетіп, бокс жанкүйерлеріне керемет қуаныш сыйлады.
Аслан Қаженов, тілші:
- Ташкент төріндегі Хумо арена кезекті жарыс күні жанкүйерлерге лық толы болды. Өйткені мұнда жартылай финалдық кездесулер өтті. О баста әлем чемпионатына 104 елден 700-ге жуық қатысушы жиналған болатын. Олар енді, міне, он күннен аса уаықт өзара мықтыны анықтап, жеңілгендері жарыс жолынан шығып қалды. Ал жеіңске жеткендері, міне, 26 адам әлем чемпионы деген атаққа, яғни алтын медальға мүмкіндік алды. Олардың арасында өзіміздің де жерлестердің бары қуантады.
Ең алдымен жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай ресейлік Эдмонд Худоянмен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 5:0.
Айта кету керек, Санжар ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш қатысып тұр. Артынша оның жеңіс жолын Махмұд Сабырхан жалғады. 54 келіде өнер көрсететін жерлесіміз кубалық Йосвани Вейтиамен кездесті. Негізі қарсыласы – салыстырмалы түрде тәжірибелі боксшы. Соған қарамастан Махмұд өте белсенді қимылдап, жеңісті жұлып алды. Дәл осылай орта және ауыр салмақтардағы Дулат Бекбауов, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайдар да қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты.
Махмұд Сабырхан, ұлттық құрама мүшесі:
- Бүгін финалдық жекпе-жекке өттім. Бүгінгі қарсыласым – кубалық боксшы. Оны барлық қазақ елі таниды деп ойлаймын. Біржан Жақыповтың қарсыласы болатын. Кезінде Біржан ағамызды ұтқан. Енді мен ұттым. Қазір финалда кіммен кездесетінімді көреміз. Өзбекстан және Ресей боксшылары кездеседі.
Асланбек Шымбергенов, ұлттық құрама мүшесі:
- Бүгінгі жекпе-жегім кішкене күрделі болды. Үндістандық боксшы жас болса да, өте тәжірибелі екен. Бірақ жеңіске жеттім. Ары қарай осылай жалғастырып, елге алтынмен оралуға барымызды саламыз.
Ерекшелігі сол: әлем чемпионатының финалында 5 емес, 7 бірдей қазақ өнер көрсетеді. Яғни, Өзбекстан құрамасындағы этникалық қазақ Руслан Абдуллаев және Қытай құрамасындағы Тоқтарбек Таңатқан да жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Тоқтарбек Таңатқан, Қытай құрамасының мүшесі:
- Сәлеметсіз бе, Қазақ елі! Сіздерге рақмет. Қолдау көрсетіп жатқандарыңа. Ертең финалда жалғастырам. Рақмет.
Тоқтарбек Ташкетке жиналған қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтып тұр. Биылғы байрақты бәсекеге жерлестеріміз өте көп жиналды. Тіпті Толғанай есімді қостанайлық қыз домбырасын ала келіп, күйлермен көпшілікті кәдімгідей рухтандырып отырды.
Толғанай Асхатқызы, күйші:
- Ташкент қаласына қыдырып келдім. Мақсатым осы домбыраны насихаттау болатын. Осы мақсатпен осында келіп қалдым. Домбыра ойнап, спортшыларымызға рух беріп, жанкүйерлер арасында болып, өмірімде алғаш рет әлем чемпионатында өз еліме жанкүйер болдым.
Алда 2 жарыс күні қалды. Ташкенттегі жарыстың жалпы қорытындысы 14 мамырда белгілі болады.
Авторлары: Аслан Қаженов, Рауан Мыңбаев.