Хоккей: Қазақстан элиталық топта қалады

Хоккей: Қазақстан элиталық топта қалады

Қазақстан шайбалы хоккейден элиталық топтағы орнын сақтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалт-құлт еткен құрамаға қарсыластары көмектесті. Б тобындағы бәсекелес Словакия Словениядан 1:0 есебімен басым түсіп, Қазақстанның жоғарғы двизионда қалуына септігін тигізді. Себебі соңғы турда Словения Қазақстаннан айласын асырса да, біздің құраманы қуып жете алмайды. Қазір Ғалым Мәмбеталиев шәкірттерінде 4 ұпай бар. Ал Словения осы әлем чемпионатында әлі ұпай алған жоқ. Кілең отандық хоккейшілерден құралған Қазақстан құрамасы мықтылардың сапында қатарынан төртінші жыл өнер көрсетеді. Бұрындары кірмелерге иек артып, элиталық топта қалудың өзі арман еді. Ұлттық команда бұл міндетті өзіміздің жігіттер де орындай алатынын дәлелдеді.

Қазақстан әлем чемпионатында Норвегия мен Словакияны жеңіп, Чехия, Швейцария, Канада және Латвияға есе жіберді.