Қазақстандық қол добы шеберлері 3 бірдей айтулы жарысқа барады
Биыл қазақстандық гандболшыларды үлкен сынақтар күтіп тұр.
Қол добы шеберлері үш бірдей айтулы жарысқа барады. Алдымен Азия чемпионаты, одан соң Азия ойындары, ал жыл соңында Әлем чемпионатына қатысады. Осынау жауапты жарыстарға жерлестеріміз жан-жақты дайындық жүргізуде.
Елімізде соңғы жылдары қол добы қарқынды дамыды. Оқушылар мен студенттер лигасына кең өріс ашылып жастардың гандболға деген қызығушылығы арта түсті. Ел біріншілігінде бәсеке күшейіп, талантты жастар ұлттық құрамаға шақырту ала бастады. Ең бастысы сол жастардың көздерінде от, сөздерінде жалын бар.
Альсина Дарханқызы, ұлттық құрама мүшесі:
- Өте жоғары деңгейде алдағы жарыстарға дайындалып жатырмыз. Басты қарсыласымыз Корея, Қытай сол елдер. Солармен бірдей деңгейде, олардан тіпті жоғары деңгейде өнер көрсетіп соларды ұтсақ деген алдағы мақсат.
Тәжірибелі маман Евгений Шишкин баптайтын Қазақстан қыздар құрамасы Алматыда дайындалып жүр. Ұлттық құрамаға жүктелген тапсырма Париж олимпиадасына жолдама алу және Азия ойындары мен Азия чемпионатында үштікке кіру. Осы биіктен көріну үшін федерация басшылары гандболшылардың барлық жағдайын жасадық,-деп отыр.
Гүлнар Тұрлыханова, ҚР Гандбол федерациясының президенті:
- Өзіміздің осы бар нақты мамандарымызбен жұмыс істеп жатырмыз. Ал методикалық жұмыстың арасында біз сол психологтарды, кинезиологтарды, одан кейін тағы да осы жарысқа көптеген көмек беретіндей мамандарды қолданып жұмыс істеп жатырмыз. Бірге қандай сұрақтар туындаса соны шешудің амалын жасап жатырмыз.
Ұлттық құрама мүшелерінің басым бөлігі Қызылорданың Қайсарында ойнайды. Жанерке Сейітқасым мен Назым Сабыржанқызы, Ксения мен Мария Пученковалар ел чемпиондары. Бас бапкер қостанайлық Кристина Капралова мен шымкенттік Таңшолпан Жұмаділова және Арайлым Әбдіхамитқа да сенім артып отыр.
Евгений Шишкин, гандболдан Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері:
- Ұлттық құрамадағы ойыншылардың дені жастар. Оларға ақыл кеңесін айтатын Жанат Әйтенова секілді тәжірибелі ойыншыларымыз бар. Бұл біздің бесінші оқу-жаттығу жиынымыз. Дене күшін нығайту үшін аянбай тер төктік. Алда әлі екі жиын қалды. Сол кезде техникалық-тактикалық жаттығуларға мән береміз. Жолдастық кездесу өткізу де жоспарда бар.
Бұған дейін байрақты бәсекелерге тек қыздарымыз ғана қатысып келсе, енді Қазақстан ерлер құрамасы да Азия ойындары мен әлем чемпионатында бақ сынайды. Маусым айында Алматыда клубтар арасындағы Азия біріншілігінің жалауы желбірейді. Бапкерлер осы жарыста ұлттық құрама ойыншыларының шеберлігін байқап көрмек.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон