Жетісу облысында жастар чемпиондарымен жүздесті
Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарына ел ықыласы мен құрмет-қошеметі толастар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жетісу облысының Алакөл ауданында Нұрбек және Айбек Оралбай, Санжар Тәшкенбайға асыл тұқымды ат мінгізілді. Салтанатты шараға жекпе-жек күрес өнерінің кіл мықтылары шақырылып, жасөспірімдермен кездесу ұйымдастырылды.
Айдос Ербосынұлы, Қанат Ислам, Руслан Мырзатаев, Қайрат Ахметов, Санжар Тәшкенбай, Айбек пен Нұрбек Оралбай, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрмахан Тінәлиев. Әлемдік додаларда атой салған саңлақтарды жасөспірімдер жағы телеарна мен әлеуметтік желіден ғана көретін. Арнайы ұйымдастырылған кездесуде олар ел мақтанышына айналған азаматтармен жүздесіп қана қоймай, рухты әсерлі әңгімелерін тыңдады.
Әлібек Нұрдыбаев, мектеп оқушысы:
- Өте керемет әсерлер болды. Себебі мен осы қазақ ағаларыма қарап, өзім де сондай болғым келеді. Күнде дайындаламын. Әсерлерім өте керемет болды. Мың рет естігенше бір рет көр дейді. Мен оны көрдім, амандастым, суретке түстім. Кіттәй болса да, арманым орындалды.
Кездесуден бөлек, Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарына көпшілік алдында да құрмет көрсетілді. Былғары қолғап шеберлеріне демеушілер есебінен қаржылай сыйақы табыс етілді. Өз кезегінде олар Лепсі спорт мектебінің оқушыларымен жүздесіп, шеберлік сабағын өткізді.
Санжар Тәшкенбай, бокстан әлем чемпионы:
- Интернатқа кіріп спортшыларды көрдік. Мықты спортшылар бар екен. Соларды тамашалап, өзіміздің рингте не өтеді, қалай өтеді соны айтып кеттік. Бізде кезінде Данияр ағаларымызды көрген кезде, біз де чемпион боламыз деп армандайтын едік. Бізді көріп бұларда мотивация алып үлкен чемпиондар шығады деп ойлаймын.
Салтанатты шара аясында волейбол мен футболдан Алматы облысының құрметті азаматы Кеңесбек Оспанұлын еске алуға арналған турнир өтті. Ересектер арасындағы жарысқа ауылдық округтерден келген 40 шақты команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Бауыржан Оспанов, Алматы облысының құрметті азаматы:
- Қандай білімді болса да, дені сау болмаса, рухы биік болмаса ол жетістікке жете алмайды. Ал енді спортта да солай. Кім жоғарыға жетеді. Ол балаларды байқап қарасақ, кішкентай кезінде бәрі жақсы оқығандар. Өйткені ой-қабілеті жоғары. Бір-бірімен тығыз байланыста, спортта да, білімде де. Сонда қабілеттері жоғары болады да, сонда жетістікке жетеді. Мен соны қолдап, осындай кездесулер өткіземіз.
Спорт бәсекесі 2 күнге жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 2 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев