Қазақ қыздары Азия чемпионатында жүлдегер атанды
Дәл қазір Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Жасөспірімдер арасындағы жарыстың екінші күні жерлестеріміз үшін жемісті болды. Әсіресе, 800 метрге жүгіруде қазақстандық Ақбаян Нұрмамбет финалға шығып, соңғы сында екінші орынға тұрақтады. Ақбаян аталған аралықты 2 минут 10:22 секундта бағындырды. Ал 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде тағы бір қазақстандық Анастасия Колода үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдеге қол созды. Алтын және күміс жүлде, сәйкесінше, Жапония және Иран спортшыларына бұйырды. Анастасияның жеңіс жолын артынша Ясмина Тоқсанбаева жалғады. Ол спорттық жүріс бойынша 10 шақырым бәсекеге қатысқан болатын. Жарыс нәтижесінде қола жүлдегер атанды. Бұған қоса, ұлттық құрама сапындағы Анастасия Рыпакова ұзындыққа секіруде үшінші орынға тұрақтап, жеңіс тұғырына көтерілді. Ұлттық құрама қоржынындағы медальдар саны әлі де арта түсуі мүмкін. Өйткені, құрлықтық дода 8-ші маусымға дейін жалғасады. Айта кетейік, 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатына осымен 20-шы мәрте ұйымадстырылып тұр.