Алматыда «Мергендер мекені» мега-жобасы басталды
Алматыда «Мергендер мекені» ұлттық сайысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Телевизиялық форматтағы мега-жобада еліміздегі садақшылар арасынан сұрмергендер анықталады. Медеу мұз айдынында алғашқы ұлттық жобаның ашылу салтанаты өтті. Іріктеу кезеңінде осы өңірдің садақшылары сайыс алаңына шықты.
«Мергендер мекені» ұлттық жобасын Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Qazaqstan» ұлттық арнасы бірлесе ұйымдастырған. Ата-бабаларымыздың негізгі қаруының бірі болған бекзада өнеріміз қайта жаңғырып, ұлттық ойын ретінде сипат алды. Сұр мергендерді анықтайтын сайыстың алғашқы іріктеуіне Алматы қаласы, Алматы облысы мен Жетісу өңірінен 150-дан аса мерген қатысты.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
- Жоба арқылы тек ұлттық спортты дамытып жатқан жоқпыз. Біз Қазақстанның керемет жерлері бар екенін, соны бүкіл Қазақстанға ғана емес, Қазақстанға келетін қонақтарға көрсетіп жатырмыз. Бұл – ашық жоба. Сол себептен барлық өңірде, облыста іріктеу болады. Содан кейін ең мықтылары финалға шығады.
Қорамсаққа қол салып, садақты құлаштай тартқандар 18 метрдегі нысананы көздеп атуы керек. Әр аймақтың қатысушылары арасынан топ жарып шыққан 10 садақшы келесі кезеңге жолдама алады. Әрмен қарай қашықтық пен ату ережесі қиындай түседі. «Мергендер мекені» жобасына жасы 15-тен асқан кез келген садақша қатыса алады. Сайыстың әлемдік стандарттан ережесі өзгеше.
Айдар Мәсімғазы, садақшы:
- Садақ атудың 2 стилі бар. Біреуі – жаңағы Жерорта теңізі дейді саусақпен ататын. Екінші – біздің көшпенділердің атқаны, мына бармақ. Сол негізгі ережесі осы бармақпен ату. Өзіміздің қазақтың, көшпенділердің атқан тәсілімен қатысу. Саусақпен ату деген де бар. Негізі оған тыйым салынды, жобаның негізгі мақсаты – сол.
«Мергендер мекені» жобасының іріктеу кезеңі еліміздің 17 облысы мен 3 қаласында өтеді. Сайыстың ақтық сыны 27 шілдеде Астана қаласында болады. Жеңімпаздар пәтер, автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев, Валентин Лобанов.