Астанада бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр

Елорда Кубогы. Дәл осындай атаумен Астанада бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен 2-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған жарысқа 10 елден 200-ден аса былғары қолғап шебері жиналды. Енді олар 6 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Байрақты бәсеке ерлер және әйелдер арасында паралель өткізіліп жатыр.

Әсіресе Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер құрамы үшін ұлттық құраманы іріктеуге жақсы мүмкіндік. Өйткені бірер айдан кейін Қытайдағы Азия ойындары, ал бір жылдан кейін Париждегі Олимпиада ойындары бар. Отандық бокстың басы-қасындағылар осы бастан ел намысын қорғайтын жігіттерді анықтап, кешенді дайындыққа кірісу керек. Сондықтан ұлттық құрама үздіктері қазір олимпиадалық салмақтарға ауысып, жоғарыдағы мүмкіндікті сарапқа салып жатыр. Алғашқы жарыс күндерінің қорытындысы бойынша, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Мұхмедсабыр Базарбайұлы сияқты негізгі үміттер сәтті өнер көрсетіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.