Қазақ күресін 2032 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына енгізу ұсынылды
Қазақ күресін 2032 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына енгізу қажет.
«Қазақстан барысын» ұйымдастырушылар бүгін осындай мәлімдеме жасады. 41 балуан осы жексенбі «Барыс-Аренада» белдеседі. Биыл қатысушылар саны ұлғайды. Жаңадан ашылған үш облыстың өкілдері қатарға қосылып отыр. Тек, жарыс тәртібін бұзған батысқазақстандықтар шеттетілді. Жарыстың жүлде қоры – 40 млн. теңге. Кешенге кіру тегін. Тағы бір ерекшелігі көрермен арасында 5 қымбат телефон ойнатылады.
Сондай-ақ, спикерлер құқықтық орган тарапынан жүріп жатқан тексеріс туралы да түсініктеме берді.
Диас Ахметшәріп, «Қазақстан барысы» қорының ресми өкілі
- Қаржы мониторингі агенттігінің тексеруі туралы естідік. Аталған тексеріс 2011-2019 жылдар аралығында өткен «Қазақстан барысы» турниріне қатысты жүріп жатыр. Ол бойынша біз жауап бере алмаймыз, құзыретімізге жатпайды. Ал біз өз қызметімізді 2019 жылдан бастадық, қайта құрылдық. Осы күнге дейін үш үлкен турнир өткіздік.