Астанада әлемнің 16 елінің шахматшысы бас қосты
Елордада "Астана жұлдыздары" фестивалінің шымылдығы түрілді.
Ой додасының мықтылары 19 шілдеге шын мықтыны анықтамақ. Фестивалдің жүлде қоры 40 миллион теңге. 800-ден астам қатысушы бақ сынайтын жарыс Астананың 25 жылдығына арналып отыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Қазақстанда 200 мыңға жуық адам шахматпен шұғылданады. 8 мыңға жуық секция жұмыс істейді. Әрине, шахматтың дамуына, кеңінен таралуына әртүрлі деңгейдегі турнирлердің оң әсер ететіні сөзсіз. Астанада «Астана жұлдыздары» шахмат фестивалі басталды.
Шахмат сананы сергек ұстайтын спорт түрі. Елімізде ойынға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жақын жылдары мектептерде шахмат үйірмелерін көбейту жоспары тұр.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Президентіміздің шахмат бойынша ерекше тапсырмасы бар. Осы Қазақстандағы шахматты дамыту үшін арнайы Үкімет қаулысымен жоспар бекітілуі керек деген тапсырмасы бар. Сонымен, бір-екі аптаның ішінде Үкімет қаулысымен мұны бекітеміз. Бұл дегеніміз шахматпен айналысатын, ойнайтын балалардың саны кем дегенде екі есеге өседі деген сөз. Қазір қазақстандық мектептерде, 7 мың мектепте шахмат кластары бар. Оны екі-үш жыл аралығында 15 мың кластарға жеткіземіз деген жоспар құрылды.
Фестивальге Динара Сәдуақасова басшылық ететін шахмат академиясы мұрындық болды. Әлемнің 16 елінен 800-ден астам адам тіркелді. Олардың қатарында атағы алысқа тараған майталмандар бар. Арнайы семинарға қатысып, дәріс оқиды.
Динара Сәдуақасова, шахмат академиясының басшысы:
- Әрине бізде ең күшті фишка – бізде халықаралық ұйымдастырушылық семинар өтеді. 13-17 шілде арасында бізде осындай бірінші, Қазақстан Республикасындағы бірінші ұйымдастырушы семинар өтеді. 20 гроссмейстер қатысады осы турнирде.
Фестиваль Астананың 25 жылдық мерейтойына арналды. Оның аясында төрт турнир өтеді. Яғни кәсіпқой спортшылар Қазақстан Кубогының 3-ші кезеңінде күш сынасса, әуесқойлар мен балалар өзара мықтыны анықтайды. Блиц-ойындар да қарастырылған.
Вадим Цыпин, халықаралық арбитр:
- Қазақстан дұрыс даму жолына түсті. Спортшылармен қатар, ұйымдастырушылар да дамып келеді. Кейбір елдер миллиондар төлеп, гроссмейстерлерді сатып алып, аттарын шығарғанды жөн көреді. Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Балалар турниріне 400-ге жуық қатысушы жазылғанын көрдім. Бұл 10 жылдан кейін шахмат әлеміне өзгеріс әкелетін ұрпақ деп білемін.
Балалар тарапынан қызығушылық зор. Ұйымдастырушылардың да көздегені сол – жас таланттарды тауып, талаптарын ұштау.
Жанел Ыбырай, турнир қатысушысы:
- Шахматқа мені әкем берді. Қазір менде 4-разряд. Бірақ шахматқа мен екі жылдай қатысып жүрмін. Қазіргі таңда маған өте ұнайды. 4-разряд алғаннан бері қызығушылығым қатты болып, қазір международный осы турнирға қатысып отырмын.
Жадыра Нұрланқызы, турнир қатысушысы:
- Шахматқа мені анам әкелген болатын. 7 жасымнан бері айналысамын. Маған шахмат өзінің комбинацияларымен, задачаларымен ұнайды. Шахмат негізінен болашаққа жоспар құруыңа және төзімділікке үйретеді.
Фестивальдің жүлде қоры 40 млн теңге. Жеңімпаздар 19 шілдеге дейін анықталады. Сондай-ақ қонақтар үшін елорданың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады.
Нұрқанат Қанапия, Мейрам Жүнісов