Жүзу түрлерінен әлем чемпионаты
Тасжанова ел рекордын жаңартты.
Жапонияның Фукуока қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жүзу бәсекелері өте бастады. Бұл сында бас-аяғы 42 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оған 192 елдің 1100-ден аса спрортшысы таласуда. Араларында жерлестеріміз де бар. Әсіресе, 1500 метрге еркін жүзуде қазақстандық Диана Тасжанова тәуір нәтиже көрсетті. Ол жалпы есепте 29-шы сатыға тұрақтады. Бірақ, ел чемпионатында тіркелген ең үздік нәтижеден 13,39 секундқа асып түсті. Бұдан бөлек, ерлер арасында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин 24-ші орынға жайғасты. Тағы бір қазақстандық Ксения Игнатова100 метрге арқалай жүзу жарысына қатысып, 32-ші сатыдан табылды. Әзірге ұлттық құрама қоржынында бір медаль бар. Оны әртістік жүзу шебері Эдуард Ким жеңіп алды. Фукуока қаласындағы дүбірлі дода 30-шы шілдеге дейін жалғасады.