Қостанай облысында спорт кешені ашылды
Қостанай облысында тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа нысан былтыр бірнеше мың гектар орман алқабы, 100-ге жуық үй жайлары өртенген Аманқарағай ауылында бой көтерді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған кешенде бір мезетте 300 адам қалаған спорт түрімен айналыса алады.
Қызыл лента қию, ду қол шапалақ. Әдеттегі салтанатты рәсім деп қабылдауға болар. Ал алапат өрт зардабын тартқан аманқарағайлықтар үшін бұл күннің маңызы ерекше. Жаңадан салынған спорт кешені – болашаққа деген үміт, ертеңгі күнге деген сенім.
Серік Есенеев, спорт нұсқаушысы:
- Мынау спорт залы кешені салғанына өте қуаныштымыз Аманқарағайда. Бұл кешенде, мен ойлаймын, біздің жас балаларымыз нәтиже көрсетеді. Қазақстан чемпионы болады деп ойлаймын.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы мың шаршы метрден астам. Мұнда волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисімен айналысуға болады. Одан бөлек, жеке күрес залы бар. Жаңа нысан құрылысын «Самұрық-Қазына» қоры 730 млн теңгеге қаржыландырған.
Кұмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Бүкіл Қазақстанда салынып жатқан ашылып жатқан спорт обьектілері ол Президент тапсырмасына сай жүріп жатқандығын білу керексіңдер. Және де осындай үлкен ұлттық компаниялар осы жүйелі жұмыстарға қатысқаны үшін алғысымызды білдіреміз.
2 қабатты ғимаратта 100 орындық көрермен трибунасы бар. Төтенше жағдай туындай қалса, эвакуациялау жүйесі де қарастырылған. Медициналық көмек көрсету орны, қызметкерлер бөлмесі, тренажер залы қажетті құралдармен жабдықталған.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Енді сізде, сіздердің балаларыңызда волейболмен, баскетболмен, стол теннисімен, күреспен осында айналысады. Сіздің балаларыңыз чемпион болсын. Болашақта халықаралық жарыста біздің көк туымызды биікке көтерсін.
Тағы бір осындай заманауи спорт кешені Денисов кентінде де есігін айқара ашады. Онда алғашқы жаттығулар жыл аяғына таман басталады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг