Қазақы тазылар Женевадағы турнирге қатысады
Қазақы тазылар Женевада өтетін чемпионатқа қатысады.
Жарыс тамыздың 21-23-і аралығында болатын Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысы аясында ұйымдастырылмақ. Онымен қоса жиында Қазақстанды осы ұйымға мүше ретінде қабылдау мәселесі қарастырылады.
Біз қазір тарихи сәттің куәгері болып тұрмыз. Құмай тазылар тұңғыш рет Швейцарияда өтетін әлемдік көрмеге қатысатын болады. Осы көлікпен тазы баптаушылар толық құраммен бір аптаға жуық уақыт жүріп, 10 мемлекеттің шекарасынан өтетін болады. Соңғы аялдама - Женева қаласы. Алда 8000 мыңға жуық шақырым бар. Қазақтың тазы тұқымын әлем мойындап жатыр! Осы сәт тарих беттерінде қалары сөзсіз!
"Аттың жақсысы - бозы, иттің жақсысы - тазы" деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жалпы тазыны баптау, үйрету технологиясының өзі тұнып тұрған ғылым. Аңға алып шықсаң, қасқырдан тайсалмайтын құмай тазыға сұраныс қашанда болған.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті:
- Біздер мақсатымызға жетуіміз керек бірінші тазыны мойындату мақсатында жұмыс істегенбіз. Бұл иттер біздің Қазақстанда чемпион.
Еленаның тазы баптап жүргеніне 20 жылдай уақыт болды. Тіпті, қаладағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерін сатып, жер үй алған. Айтуынша, тазы өте сезімтал болғандықтан ерекше күтімді қажет етеді. Уақытымның көп бөлігін осы іске арнаймын дейді.
Елена Хардина, кинолог:
- Бұл тазы иттер ел ішінде ұйымдастырылған чемионаттардың жеңімпаздары. Қазіргі кезде тазы тұқымының танымал болғаны сонша, оны өсірумен Венгрия, Түркия, Ресей, Беларусь, Украина елдері де айналысады. Бірақ, қалай болған күнде де осы әлемдік додада қазақ тұқымды тазы иттер жеңімпаз болуы тиіс.
Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша, «Kazakh Tazy» тұңғыш рет Халықаралық кинологиялық федерацияда ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілген болатын. Айта кеткен жөн алдағы Женевада өтетін жиында Қазақстанды осы ұйымға мүше ретінде қабылдау мәселесі қарастырылатын болады.
Әл-Фараби Серіков, Мейрам Жүнісов