Елордада спорт үздіктері марапатталды
Елордада отандық спорттың дамуына үлес қосқан майталмандар ерекше құрметке ие болды.
Белгілі спортшылар, сала ардагерлері мен қызметкерлері Құрмет грамоталарымен және төсбелгілермен марапатталды.
Салтанатты жиынға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған үздіктерді кәсіби мерекесімен құттықтады. «Еңбек ардагері» медалімен жалпы 18 ардагер марапатталды.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшымыз Қ.Ж.Тоқаев қазір отандық спорттың дамуына ерекше назарын аударуда. Оған бір дәлел, қазір Президент тапсырмасымен отандық спортты дамыту мақсатында МСМ тарапынан 7 жылдық нақты тұжырымдама әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілді. Бұл дегеніміз әр түрлі спортты біз дамытуға 7 жылдық жоспарын құрдық.
«Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін 15 қызметкер тақты. Ал «Құрметті спорт қызметкері» медалі 12 маманға табысталды.
Орынбек Пұшпақбаев, дзюдо күресінен жаттықтырушы:
- Спортшылар күні құтты болсын. Барлық қазақстандыққа денсаулық, амандық тілеймін. Игі жақсы шараларға шақырту алып, осында келген жайымыз бар.
Биыл қыркүйек айында Азия ойындары басталады. 4 жылда бір рет өткізілетін дүбірлі додаға біздің қыз-жігіттер спорттың 35 түрінен сынға түседі. Оның ішінде 29-ы олимпиадалық санатқа кіреді.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Келесі жыл сынақ жылы. Олимпиада ойындары. Біздің қазіргі негізгі мақсатымыз Олимпиадаға қатысу үшін лицензия алу. Лицензия алу үшін Азия ойындарында да, Әлем біріншіліктерінде де жеңімпаз немесе жүлдегер атану керек. Лицензияны біз Алла жазса жеңіп аламыз. Одан кейін Олимпиада ойындарына қатысамыз деген ниетіміз бар.
Спортты насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген БАҚ өкілдері де назардан тыс қалмады. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов