Оралда самбодан ардагерлер арасында әлем чемпионаты басталды
Байрақты бәсекеге әлемнің 18 елінен 500-ден астам спортшы қатысып жатыр.
Олар жас ерекшелігіне қарай жеті дивизионға бөлінген. 6 салмақ санаты бойынша боз кілемге шығады. Жарыстың алғашқы күнінде 55 пен 59, 60 пен 64 және 65 жастан жоғары балуандар белдесті. Жасы ұлғайса да, саламатты өмір салтын серік еткен ардагерлердің жеңіске құштарлығы, спортқа адалдығы өскелең ұрпаққа өнеге. Чемпионат 3 күнге созылмақ.
Серікбай Қабақбаев, ардагер спортшы:
- Мен өзім самбомен көптен бері айналысам, студент кезден. Мамандығым инженер-механик. Самбо қосымша ғой. Әлем чемпионатына бірнеше рет қатысып жүрмін. Үш рет екінші орын алдым. Осы жолы бірінші алам ба деп келіп едім. Бірақ болмады. Тағы дайындалу керек болып тұр.
Евгений Селиванов, жарыстың бас төрешісі /Ресей/:
- Өте тартысты чемпионат болып жатыр. Ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Жалпы қазақ самбо мектебінің мықтылығын мойындаймыз. Осы жолы Германия, Корея, Үндістан секілді алыс шетелдерден келді спортшылар. Біз самбоның әлемде кең таралғанын қалаймыз. Мына жарыстар соған ықпал етеді.