Алматыда эстетикалық гимнастикадан әлем чемпионаты өтеді
Қарашада Алматыда эстетикалық гимнастикадан әлем чемпионаты өтеді.
Бұл туралы Қазақстан топтық эстетикалық гимнастика федерациясының вице-президенті Әйгерім Арпабаева айтты. Федерация өкілінің айтуынша, 24-26 қараша аралығында Алматы қаласында топтық эстетикалық гимнастикадан бірнеше ірі халықаралық турнир өтеді. Спорттың бұл түрінен жылына бір рет болатын әлем чемпионатын Азия бойынша бірінші болып Алматы қабылдап отыр. Жарысқа әлемнің 15-тен атсам елінен үздік командалар қатысады. Яғни, елімізге 1500-ге жуық спортшы, жаттықтырушы мен төреші келеді. Қазақстан топтық эстетикалық гимнастика федерациясы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Федерацияның 13 өңірде бөлімшесі жұмыс істейді. Ұлттық құрама команда сапында 173 гимнаст бар. Оларды 86 жаттықтырушы мен хореограф баулып жүр.
Әйгерім Арпабаева, Қазақстан топтық эстетикалық гимнастика федерациясының вице-президенті:
- Қазірдің өзінде түрлі ел командалары хабарласып жатыр. Олардың ішінде АҚШ спортшылары да бар. Жарыс аясында ұзақ және қысқа бағдарламалар, әртүрлі жас санаттарында және аралас командалар арасында 50 медаль сарапқа түседі.