Головкин елімізде жекпе-жек өткізе ме?

Головкин елімізде жекпе-жек өткізе ме?

Головкин Қазақстанда жекпе-жек өткізуі мүмкін.

Бұл жөнінде соңғы кезде спорт мамандары да, спорт порталдары да жиі айтып жүр.

Ал бокс жанкүйерлерінің бірі оны «Астана Аренада» ұйымдастыруды ұсынды. Өйткені, бұнда 30 мыңға жуық көрермен кіре алады. Бұл жағдай Қазақстан мен Солтүстік Ирландия матчында орын алды. Кәсіпқой боксшы ұлттық құраманың ойынына арнайы келген болатын.

Жанкүйермен кездесу барысында Головкин нақты шешімін айтпады. Бірақ, отандасымыз дайындығын тоқтатпағаны белгілі. Ол соңғы рет былтыр жұдырықтасты. Яғни, шаршы алаңға шықпағанына жылға жуық уақыт өтті.

Ақтық айқаста мексикалық Сауль Альвареске есе жіберген болатын. Одан кейін барлық чемпиондық белдігінен бас тартты. Атап айтқанда, орта салмақтағы WBA, IBF және IBO чемпиондық атақтарын жекпе-жексіз бере салды.

Головкин бүгінге дейін бас-аяғы 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Қазір жасы 41-де.