Елордада құсбегілердің халықаралық турнирі өтті

Қаршыға, ителгі, қыран бүркіт.

Бірнеше елдің саятшылары елорда маңында 2 күн бойы құс салып, Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнирдің көрігін қыздырды. Осымен 6-шы рет өтіп жатқан жарысқа 50-ден аса құсбегі келген.

Астана маңындағы Софиевка ауылы. О баста Күнтуған Тоқтыбайұлының құрметіне ұйымдастырылған жарыс жыл өткен сайын ауқымы мен форматын ұлғайтып, қазір халықаралық деңгей шықты. Биылғы бәсекеге еліміздің барлық аймағынан және көрші Қырғызстан мен Моңғолиядан да қатысушылар келді.

Нұрлан Молдахынов, жарысқа қатысушы:

- Қырғызстаннан келдік. Әдейі жарысқа. Күнтуған атамыздың жарысына қатысу үшін. 3 адам болып келдік. Мен және 2 шәкіртім болып. Жарысқа қатыстық.

Құсбегілік қазір ресми спорттар қатарына қосылды. Сәйкесінше қалыптасқан ережесі және күнтізбесі бар. Тіпті арнайы федерация құрылды. Соның арқасында саланың дамуы кәдімгідей бір жолға қосылып келеді.

Еркеғали Корбозов, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Әр жарыстың алдында арнайы дайындықтары болады. Республикалық және облыстық федерациялар күнтізбені бекітетін кезде ескертеді. Соған сәйкес құстарын дайындайды. Бүркіттің бабы сәйкес болу керек.

Халықаралық жарыс құсбегіліктің 3 түрінен өтті. Атап айтқанда, қаршыға сайысында түркістандық Төлемырза Паңның «Тұйғыны» І орын алды. Ал ителі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанса, бүркіт сайысында атыраулық Арман Қошқаров бас жүлдені жеңіп алды.

Төлемырза Паң, жарыс жеңімпазы:

- Түркістаннан келіп тұрмын. Жасым 19-да. Осы құсбегілікпен айналысып жүргеніме 7-8 жыл болды. Атадан келе жатқан дәстүр. Соны жалғастырудамыз. ҚР чемпионаттары болады. Ол жерде де жеңгенбіз. 4 дүркін чемпионы. Өзім спорт шеберімін. 4 жыл бұрын орындағанмын.

Аслан Қаженов, тілші:

- Бәрімізге белгілі, алдағы жылы Қазақстан, оның ішінде Астана қаласы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қабылдайды және бүркітшілердің осы бәсекесі оның бағдарламасында бар. Сәйкесіншке атқарылып жатқан шаралардың барлығы дайындық болып саналады. Жалпы айтар болсақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 100-ге жуық елден 3 мыңға жуық қатысушы, 15 мыңға жуық саяхатшы келеді деген жоспар бар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Серік Қоңырбаев.