Астанада спорт саласының өкілдері құрметке бөленді
Ұлттық Олимпиада комитеттің құрылғанына 30 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни, тура 30 жыл бұрын отандық ұйымды Халықаралық Олимпиадалық комитет ресми мойындады. Айтулы датаға байланысты елдің түкпір-түкпірінде салтанатты шаралар ұйымдастырылып, осы салада еңбек еткен мамандар мен ел абыройын асқақтатқан спортшылар марапатталды. Бүгін елордада қорытынды жиын өтіп, спорт майталмандары және спорт ардагерлеріне арнайы төсбелгілер табысталды. Олардың арасында байрақты бәсекелерден сүйінші ақпарат таратып, саланың тыныс-тіршілігін көпшілікке таныстырып жүрген әріптесіміз, спорт журналисі Жандос Айтбайұлы да бар.
Жалпы тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақстандық спортшылар 7 жазғы және 8 қысқы Олимпиаға қатысып, бас-аяғы 79 медаль жеңіп алды. Оның 15-і – алтын.
Абылайхан Жүсіпов, кәсіпқой боксшы:
- Өз басым 2 Олимпиадаға қатыстым. Жасап жатқан еңбектерін өз көзіммен көрдім. Өте қуаншытымын 30 жыл болып жатқанына. Себебі жас спортшылар ауылдардан шығады. Оларда үлкен ареналарға шығуға мүмкіндік бар.
Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОҚ Спорт департаментінің директоры:
- Бізде жоспар көп. Жаңадан құрылған Туризм және спорт министрлігімен бірігіп, көптеген жұмыстар атқарамыз. Алда, міне, Азия ойындары Қытайда өтеді. Келесі жылы жолдама алу жарыстары, Париж қаласында Олимпиада болады. Осыған байланысты Ұлттық Олимпиадалық комитеттің өзіндік жұмыстары бар.