Оралда ұлттық спорт мектебі жанынан бәйге бөлімі ашылды
Мұнда 30-ға жуық жеткіншек жаттығып жүр.
Олар атқа мінуді үйреніп қана қоймай, түрлі аламандарға қатысып шеберлік шыңдайды.
Бәйге бөліміне келген балалар әр сабақтың алдында осылай сап түзеп, дене қыздыруға арналған жаттығулар жасайды. Кейін білек күшін шынықтыруға көшеді. Өйткені тұлпар тізгінін тарту оңай емес.
Ал бұдан соң балалар арнайы жабдыққа ерттелген ер-тоқымға жайғасып үйрене бастады. Бапкерлер атқа қонудың тиімді тәсілдерін көрсетіп жатыр. Содан кейін жеткіншектер жылқыға мінеді.
Ахмет Демесін, шабандоз:
- Уақытым бос болған кезде ғана барамын атқа. Демалыс күндері де барамын. Сол күні аттарға мініп, шабуға дайындаламын. Қиын емес, жақсы атымыз. Болашақта атбегі болғым келеді. Өзім былай шапқым келіп жүр.
Мұнда жеткіншектер 5 топқа бөлінген. Әрқайсысында 5 баладан. Олардың қатарында түрлі деңгейде бәйгелерге қатысып жүрген жас шабандоздар да бар. Жалпы оралдықтардың ат спортына деген қызығушылығы жоғары. Солардың қатарында Жасқайрат Несіпқалиев бар. Ол бүгін бәйге бөліміне егіз ұлын алып келіпті.
Жасқайрат Несіпқалиев, қала тұрғыны:
- Өзім атқа отырып, бәйгеге шауып жүрдім ғой кезінде. Қазір балалар орнымды бассын деп. Пока қалада болғанымызбен өзіміз аттан қалдыртпаймыз. Үйретіп жатырмыз. Атқа мінген жақсы ғой. Ата-бабамыз атпен келе жатыр ғой.
Бәйге бөлімінде екі бапкер бар. Жеткіншектер үшін 8 тұлпар берілген. Жаттықтырушылар жылқы санын көбейтуге ниетті.
Ақылбек Ишанов, бәйге түрлерінен аға жаттықтырушы:
- Бұрын осы жерде баламды шабандоз қылып дайындадым, 6 жастан. Соның қасына достары келді. Он шақты бала болып қалды. Сосын федерацияның қолдауымен 2 штат берді. Қазір тай бәйге, құнан бәйге, топ бәйге деген сияқты бағытта дайындап жатырмыз. Енді бізге класссикалық бәйге түрлерінен, гладкий дейміз, ұшқыр бәйгелерге, соған бірліктер берсе. Жан-жақты дамытқымыз келеді бәйгені.
Дәл осы кешен маңында қала күнінде бәйге өткен. Сол дүбірлі дода нәтижесінде біраз жеткіншектің ат спортына деген қызығушылығы оянып, жаттығу алаңын іздеп келген дейді бапкерлер.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов