Р. Айтмұқан: Әлем чемпионы атану үшін 9 жыл тер төктім
Күрес түрлерінен Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ спорты тарихының жаңа парағы ашылды.
Бұрын-соңды біздің балуандар еркін күрестен дүниежүзілік біріншілікте жеңіс тұғырына көтерілген емес. Ризабек Айтмұқан финалда әзербайжандық қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті. 19 жастағы жерлесіміз әлемдік сайыста алтын алған тұңғыш спортшы әрі ең жас балуан атанды.
Белград боз кілемі қазақ спортшыларына құт болды. Ризабек Айтмұқан қарсыластарын қоғадай жапырып, 92 келінің мықтысы атанды. Сербия астанасында отандық спорт тарихының жаңа парағы ашылды. Ересектер жарысына енді араласқан Ризабек бірден тұғыр биігіне көтерілді. Алдымен мажарстандық Балаш Юхаштың осал тұсын тапқан жерлесіміз, сосын түрік Фейзулла Ақтүріктен айласын асырды. Жартылай финалда 92 келінің көшбасшысы саналған гүржі балуаны Мириани Майсураздені қапы қалдырды. Шешуші сында әзірбайжандық Осман Нұрмагомедов күтіп тұрды. Ризабек қазақ еліне алтын керек екенін қапысыз ұқты. Бұған дейінгі сәтсіздіктер сериясы Сербияда тоқтауы тиіс еді. Тұтас ұлттың намысы сынға түскен сайыста Айтмұқан асып-сасқан жоқ. Кілемге шыққан бойда салқынқандылық танытып, өте сақ қимылдады. Қорғана жүріп, Османның осал тұсын іздеді. Алғашқы ұпай да Әзербайжан балуанына бұйырды. Екі ұпайға ұзап кеткенде көпшілік алтыннан күдер үзе бастаған. Алайда Айтмұқанның өз жоспары бар еді. Үзілістен кейін қарқынын үдетіп, есеп айырмасын қысқартты. Сосын таразы басын теңестірді. Соңғы секундтар сырғып жатқанда қарсы әдіс қолданып, Әзербайжан балуанын кілемнің бір бұрышына лақтырып үлгерді. Қортынды есеп: 5:2.
Ризабек Айтмұқан, еркін күрестен әлем чемпионы:
- Негізі жартылай финалда және жартылай финалдың алдындағы балуандар бұлар әлемдік рейтингте бірінші-бесінші орындарды бөледі. Жартылай финалдағы балуанға алдында 2 рет ұтылғам. Екеуінде де айқын басымдықпен ұтылғам. Осы жолы Алланың қалауымен таза ұтып, реванш алдым. Жартылай финалда ана түрік балуанынан кейін сенім пайда болып, күш пайда болып, жартылай финалдағы балуанды да таза ұттым десем болады. Менің күресім сол адамды шаршату және күрестің соңына қарай 6 минут алға жүріп ұтуға ойымнан келді деп ойлаймын.
Ризабек ересектер жарысына биыл қосылды. 19 жастағы балуан жыл басында Алматыдағы спартакиада сайысында жеңіске жетті. Көктемде Астанада өткен Азия чемпионатында күміс медальға қол созды. Жастар арасындағы әлем біріншілігіне де қатысып, екінші орыннан көрінді. Енді, міне, ересектер арасында төрге шықты. «Құттықтап жатқан еліме рақмет, әлем чемпионы атағына қол жеткізу үшін 9 жыл тер төктім, енді Олимпиадалық салмаққа ауысамын» - дейді Ризабек. Белградтағы бәсекеде 86 келіде белдескен Азамат Дәулетбеков қола жүлдеге қол созып, Париж Олимпиадасының жолдамасын да ұтып алған еді.
Мадияр Құрамысов, еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Еркін күрес балуандары арасында Азамат Қартбай мен Болат Сақаев үшінші орын үшін белдесуде қарсыластарына жол беріп, жүлдеден сырт қалды. Енді жарысқа әйелдер мен грек-рим балуандары араласады.