Еркін күрестен қазақтың алғашқы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан елге оралды
Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан елге оралды.
Чемпионды әуежайдан қала тұрғындары мен әріптестері қарсы алды. Белградтағы турнирде жауырыны жерге тимеген Ризабек финалда әзербайжандық палуан Осман Нурмагомедовты 5:2 есебімен жеңді. Ризабекпен бірге осы турнирде қола медальға ие болған Азамат Дәулетбеков те елге оралды.
Еркін күрестен тұңғыш Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханды күтіп алуға халық көп жиналды. Туған-туыстары, журналистер, кезінде өзі оқыған спорт мектебінің оқушылары Стамбұлдан келетін рейсті тағатсыздана тосты. Әскери ансамбльде осында. Сағат тілі таңғы беске жақындағанда Белградтан оралған палуандарда жетті.
- Ыстық ықылас, сый-құрмет. Мұның барлығы Ризабекке арналды. Қазақ спортының тарихында жаңа белесті бағындырған 19 жастағы Ризабекке халық дән риза.
Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:
- 2019 жылы осы Астанада өткен әлем чемпионатында мен ерікті болып жұмыс істегем. Өздеріңіз де білесіздер видео да бар. Мен осы әлем чемпионатында күреске палуандардың ақтық белдесуінде сол кілемді сүрткем. Мен сол кезде шынымды айтсам ойлаған жоқпын әлем чемпионы болам деп.
Чемпионды күтіп алушылардың басы-қасында жүрген Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының басшылығы бұл жеңісті көптен күттік,-дейді. Ендігі үмітіміз олимпиада,-деп отыр.
Білалдин Ушуров, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті:
- Бірінші рет біздің еркін күрес палуаны әлем чемпионы атанып отыр. Өте қуаныштымыз. Бұл жеңістердің бастамасы болсын. Келесі жылы олимпиада ойындарында, олимпиада чемпионын көрсек деген үміттеміз.
Ризабек Айтмұханның алғашқы жаттықтырушысы әрі әкесі Қанат Жолдасбаевтың қуанышында да шек жоқ. 10 жылға жуық еңбек пен төккен тер ақталды,-дейді ол.
Қанат Жолдасбаев, Ризабек Айтмұханның әкесі:
- Бір-екі жыл жәй-жәй жүріп, ойнап, тартылып, негізгі жұмыс 11 жасынан басталды ғой. Біріншіден Астана спорт мектебіне түстік, одан кейін Алматыға ауысып кеттік. Баланың жағдайы керемет болып тұрды. Жылдам қумай ақырын, жайлап әкеліп кіші жасөспірімдердің арасында чемпион атағына жеттік. Содан кейінгі қойған мақсат әлем чемпионы болам деп соған ұмтылдық.
Ризабек аздап тыныққан соң жаттығуды қайта бастайтынын айтады. Белградтағы байрақты бәсеке әлі жалғасып жатыр. Грек-рим шеберлері және қыздарымыз боз кілемде атой салып, Ризабектің жеңісті жолын жалғастырады деген үміттеміз.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев