Қазақстандық боксшылар Азия ойындарының күміс жүлдегерлері атанды
Қоржынымызда 8 алтын.
Қытайдың Ханчжоу қаласында жылдың басты бәсекесі – Азия ойындары жалғасып жатыр және бүгін ұлттық құрама спортшылары 3 рет көк туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқатты. Атап айтқанда, велоспорттан командалық сында Евгений Федеров мәре сызығын бірінші болып кесті. Күміс жүлде де қазақстандық спортшының еншісінде. Оны Алексей Луценко жеңіп алды. Артынша джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұған қоса каратэде ел намысын қорғаған Нұрқанат Әжіқанов та алтын жүлде жеңіп алды. Орта салмақтағы жерлесіміз финалда Иордания өкілінен басым түсті.
Ал жарыс күнінің соңына қарай бокстан медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Әйелдер арасында жалғыз қазақ қызы соңғы сынға өткен еді. Өкінішке қарай, Карина Ибрагимова финалда жеңіске жете алмады. Ақтық айқаста Тайпей өкіліне 5:0 есебімен ұтылды. Карина – Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ал ерлер арасында аса ауыр салмақтағы бас жүлдені қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаев пен өзбекстандық Баһадүр Жалолов сарапқа салған. Төрешілер шешімімен кейінгісі жеңіске жетті. Ал Қамшыбек кезекті күмісті жеңіп алды.
Айта кетейік, Карина да, Қамшыбек те, Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Енді олар жазғы ойындарға уайымсыз дайындалады.