«Астана» футболшылары «Виктория Пльзень» клубынан жеңілді
Конференция Лигасының топтық кезеңінде "Астана" "Виктория Пльзеньге" есе жіберді.
Матч тағдыры Ян Копиц соққан голдан шешілді. Елордалық клуб ойын тізгінін бірден өз қолына алған еді. Десе де чех командасы таразы басын теңестіруге барын салды. Нәтижесінде 54-минутта Томаш Хор допты нысанаға дәл тигізді. Артынша әріптесі Ян Копиц мергендік танытып, таблодағы көрсеткішті 2:1-ге жеткізді. Ал "Астана" сапынан Марин Томасов көзге түсті. Бұл жеңісінен соң "Виктория" алтын ұпай еншілеп, турнир кестесінде көш бастады, ал елордалық клуб төртінші орынға табан тіреді. Григорий Бабаян шәкірттері келесі ойынын 26 қазанда өткізеді.
"Тобыл" мен "Мақтаарал" тең түсті
Қостанайлық "Тобыл" "Мақтааралмен" итжығыс түсті. Қазақстан Премьер-Лигасы аясындағы кездесу Шымкенттегі "Намыс" стадионында өтті. Ойын басынан қос команда бірден шабуылға көшіп, ширақ қимылдаған. Алайда мақтааралдық клубтың ойыншысы Руслан Юденков абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Автогол екінші таймда да қайталанды. Оны қарсылас команда сапынан Данияр Семченков салды. Қорытынды есеп 1:1. Әзірге "Мақтаарал" 25 ұпаймен көш соңында, ал 30 ұпай жинаған "Тобыл" орта шенге тұрақтады.
Қос мықты кездеседі
Елена Рыбакина теннистен әлем үздігі Арина Соболенкомен сынға түседі. Бұл олардың спорт тарихындағы алтыншы кездесуі болмақ. Теннистен WTA 1000 ойындары Қытайдың Пекин қаласында өтіп жатыр. Күні кеше жерлесіміздің қарсыласы италия өкілі Ясмин Паолинимен кездесіп, 6:4 және 7:6 есебімен жеңіске жеткен болатын. Соққылары жойқын Рыбакина-Соболенко тартысы ертең өтпек. Қос спортшы соңғы рет наурызда Indian Wells турнирінде жолықты, ол кезде Рыбакина 7:6, 6:4 есебімен басым түсті.