Республика күніне арналған велошеру
Республика күндеріне арналған велошеру.
Осы аптада Қазақстан және Түркия елдері ерекше мерекені атап өтеді. Осы орайда астаналық веломарафоншы Ернат Мелсұлы 100 шақырым аралықты жүріп өтіп, ерекше тарту жасамақ. Велошеру Түркия елшілігінен басталады. Әрі қарай Республика даңғылымен жүріп, Алаш тас жолы арқылы айналма жолға шықпақ. Сөйтіп Астананы толықтай бір айналып, Ататүрік ескерткішінің алдында аяқтайды. Осы арқылы айтулы мерекенің мәні мен мағынасын насихаттап, қос елдің ынтымақтастығына ерекше екпін жасағым келеді дейді Ернат. Веломарафонға қатысты ақпараттар халықаралық деңгейде сертификатталған Strava ұялы қосымшасында тіркеліп, нәтижесі ашық жарияланады.
Айта кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын Ернат велосипедпен Астана мен Ыстамбұл аралығын жүріп өткен еді. Ол 55 күнде 5555 шақырымды бағындырды.