Қазақ күресі Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді

Қазақ күресі Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді

2023 жылы төл күресіміз – қазақ күресі алғаш рет Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді. Бұл қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу жолындағы маңызды кезең.

Бұл туралы «Qazaq Kuresi» Ассоциациясының бас директоры Ерлан Естек мәлімдеді.

20-30 қазан аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 120 елдің 1500-ден астам спортшысының қатысуымен V Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары өтіп жатыр. Мультиспорттық жарыстың бағдарламасында жекпе-жектің 19 түрі – дзюдо, таэквондо, грепплинг, панкратион, қазақ күресі, белбеу күрес, семсерлесу, бокс, айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, каратэ, кендо, кикбоксинг, тай боксы, самбо, сават (Француз боксы), сумо және ушу бар.

Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары спорттың адамдарды ұлты мен мәдени айырмашылықтарына қарамастан бір мақсатта біріктірудің жарқын мысалы. Қазақ күресі осы бір орасан зор идеяның бөлігі ретінде дүниежүзіне Қазақстанның мәдениеті мен спорттық құндылықтарын таныта отырып, әлемдік аренадағы өзіндік жолын жалғастыруда.

Бүгінге дейін халықаралық кеңістікте қазақ күресіне ерекше мәртебе берген жарыстардың ішінен 2022 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен Әлем чемпионатын атап өтуге болады. Сондай-ақ, төл күресіміз 102 мемлекеттің 3 мыңнан астам спортшысы қатысқан IV Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының (Изник қаласы, Түркия) бағдарламасында болды. Жыл сайын «Қазақстан Барысы», «Тұран Барысы», «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» турнирлері өткізіледі.

2023 жылы Жетісу облысындағы Үштөбе қаласында 20 мемлекет спортшыларының қатысуымен Әлем кубогы өтті. Бұл әлемдік додаға 200-ден астам балуан қатысып, 8 салмақ бойынша сынға түскен болатын.

«Qazaq Kuresi» Ассоциациясы Жизақ қаласында (Өзбекстан) ересектер арасында Азия чемпионатын өткізді. Ал жыл соңына дейін Әзірбайжанда ересектер арасында Еуропа чемпионатын және Астана қаласында «Дала қырандары» республикалық турнирін өткізу жоспарланған.

Қазақ күресі – бұл жай ғана ұлттық күрес емес. Бұл біздің ұлттық болмысымызды қалыптастыратын бірегей спорт түрі әрі қазақстандық жастарды тәрбиелеу құралы.

Алдағы уақытта қазақ күресін әлемдік аренада ілгерілету және оның танымалдығын арттыру, соның ішінде Азия ойындарының бағдарламасына енгізу бағытындағы жұмыстар жалғастырылатын болады.