6 боксшымыз Азия чемпионы атанды

6 боксшымыз Азия чемпионы атанды

6 боксшымыз – Азия чемпионы.

Астанада жастар мен жасөспірімдер арасындағы құрлықтық дода өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 23 мемлекеттен 500-ге жуық қатысушы келді. Бұл – өзіндік рекорд. Күні кеше алғашқы медальдар жиынтығы сарапқа салынған. Нәтижесінде ел намысын қорғап жатқан өрендер 21 мәрте жеңіс түғырына көтерілді. Оның алтауында алтын жүлдегер атанып, әнұранымызды шырқатты. Атап айтқанда, қыздар арасында Аяжан Сыдық, Толғанай Қасымхан және Алина Кудайбергенова өз салмақтарында қарсылас шақ келтірмеді. Ал ұлдар арасында Алдияр Бахадур, Жандос Алпысбаев және Бексұлтан Қайратұлы топ жарды.

Жалпыкомандалық есепте Үндістаннан келген боксшылар топ бастап тұр. Олардың еншісінде 10 алтын жүлде бар. Екінші орында қазақстандық қыз-жігіттер болса, көрші өзбек елінің өкілдері үзік үштікті түйіндеді. Азия чемпионаты аясындағы медальдар бүгін де таратылады. Яғни, бүгін – соңғы жарыс күні және соның нәтижесінде жарыстың жалпы қорытынды жасалады.