Көгалдағы хоккей спортының саңлағы Саян Шәймерденовтің есімін ұлықтау ұсынылды
Кеңес Одағы кезінде алмастай жарқылдап, қазақтың намысын жаныған хоккейші Саян Шәймерденовті ел ұмытпауға тиіс.
Ол елде көгалдағы хоккейдің негізін қалады. Кейінгі ұрпаққа өнеге бола білді. "Қазіргі спортта осы Саян секілді саңлақтар жетіспейді" дейді сарапшылар.
Сайын Шаймерденов жыл сайын дәл осы күні елорда төріндегі мешітке келіп, ағасының рухына құран бағыштайды. Өкініштісі сол, туған бауыры өмірден ерте өтті. Егер тірі жүрсе, бүгін 70 жасқа толар еді. Десе де, артына өшпес із қалдырды.
Сайын Шаймерденов, Саян Шаймерденовтың інісі:
- 73-жылдан бастап осы спорт түрі Қазақстанда күрт дамыды да бүкіл одақты аузына қаратқан үлкен командаға айналды. Кезінде сол Саяндардың командасы Еуропа кубогын жеңіп алды, 18 рет СССР чемпионы болды. Сонау құрама командаға кірудің өзі мұң болған заманда қазақтың атын өзінің маңдай терімен аспандатқан азаматтар ұмытылып бара жатыр. Сол жағын еске алған дұрыс шығар деп ойлаймын.
Саян Шаймерденов көгалдағы хоккейден КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Кейін КСРО-ның үздік 22 ойыншысының қатарын ілікті. Тіпті осы команданың капитаны да болды.Бертін келе бапкерлікке бет бұрып, елімізде спортты жүйелі дамытуға білек сыбана кірісті. Ұлдар және қыздар командасын құрды. Инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлді.
Қыдырбек Рысбек, спорт журналисі:
- Саян СССР құрамасы капитаны болған алғашқы қазақтардың бірі. Тіпті, біріні қазақ болуы мүмкін. КСРО-ның капитаны болу деген нәрсе, ол үшін тек ойыншы болу аздық қылады. Ол үшін интеллект керек, ол үшін зиялу болуың керек, ол үшін білімді болуың керек. Сонда 70-80 жылдары ұлттық рухты көтеруше орасан еңбек сіңірген ақберен ойыншы осы Саян. Оғкан бір спортшы ретінде ғана емес, қайраткер ретінде қарауымыз керек.
Қазір Саян Шаймерденов атында Алматыда арнайы көше бар. Енді есімі спорттық мектептер мен орталықтарға берілсе деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса отандық көгалдағы хоккейді дамытуда дәл осы тұлғаның бастамалары, оның еңбек жолы, әдістемесі мен жоспарлары негізге алсынса дейді мамандар.
Аслан Қаженов, Асхат Қарақойшиев