Ризабек Айтмұхан салмақ ауыстырды
41:21 Қазақ баласы камбек жасап, жеңісті жұлып алды.
Дәл қазір Армения астанасы Ереван қаласында бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні ширек финал жолдамалары сарапқа салынды. Әсіресе, 48 келіде қазақстандық Нығман Нығмет түркіменстандық Санжан Хамраевпен жолыққан болатын. Бірінші раунда Санжар айқын басымдықпен ұтылды. Десе де кездесудің қалған кезеңдерінде белсенді қимылдап, төрешілер шешімімен жеңімпаз атанды. Қорытынды есеп 4:1. Осылайша жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бірақ, қалған боксшыларымыздың нәтижесі көңіл көншітпейді. Әлем чемпионатына аттанған 13 жерлестеріміздің 9-ы ширек финалға жете алмады. Ал, қыздар арасында әзірге 2 боксшымыздың есе жіберіп, шығып қалғаны белгілі. Ол Айым Танқыбаева мен Аяжан Ермек. Қылған қыз-жігіттер жүлдеге қол созып көреді. Ереван қаласындағы әлем чемпионаты 4 желтоқсанға дейін жалғасады.
Р. Айтмұхан салмағын ауыстырды
Ризабек олимпиадалық салмаққа ауысты. Бұл жөнінде еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов мәлімдеді. «Ризабек Айтмұхан олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіде өнер көрсетеді. Қазір Азамат Дәулетбековпен бірге Осетияда жаттығып жатыр. Бұл салмақта Әлішер Ерғали есімді балуанымыз да бар. Кім мықты екені ұлттық чемпионатта шешіледі. Яғни, жеңіске жеткен палуан, лицензияға таласады», - деді бас бапкер. Ішкі біріншілік алдағы қаңтар айында Астанада ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Ол жерде барлық салмақтағы үздіктер анықталып, лицензиялық турнирге қатысатын ұлттық құрама жасақталады. Ал, олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын жарыс сәуір айында Қырғызстан астанасы Бішкекте болады. Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан биыл әлем чемпионатында топ жарып, отандық спорт үшін тарихи нәтиже тіркеді. Ол 92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. 19 жастағы Ризабек еркін күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ саналады.
Допингке қатысты мәселе
Допинг сынамаларын егжей-тегжейлі тексеріп, тыйым салынған құралдарды қолдануға қарсы іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев мәлімдеді. Ол күні кеше ауыр атлетика федерациясының басшылығы мен бапкерлер құрамымен кездескен болатын. Айта кетейік, Ханчжоудағы Азия ойындарда жерлестеріміз небәрі 1 қола медаль жеңіп алды. Ал, жарыс алдында 1 күміс және 2 қола медаль еншілейміз деп уәде берген еді. Өкініштісі сол, аталмыш спорттың өкілдері допинг дауынан көз ашпай келеді. 2022 жылдан бері 43 спортшымыз тыйым салынған препарат қолданды деп айыпталды. Осы орайда министр спортшылардың спорттық тамақтану мен қалпына келтіру құралдарын өз бетінше сатып алуын болдырмауды, барлық мүдделі ведомстволармен бірлесіп, фармакологиялық құралдарды сатып алу алгоритмін әзірлеуді және ауыр салмақтағы спортшыларды даярлау жөніндегі жеке бағдарламаны іске қосуды тапсырды.
Бұған қоса «Спорттан шеттетілген саңлақтарға мұндай қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, оларға демеу беруіміз керек», - деді ведмоство басшысы.