Жерлестеріміз фристаил могулдан финалға шыға алмады
Ал фристаилдың могул түріндегі көрсеткіштер көңіл көншіпейді.
Бұл спорт түрінен де әлем кубогы басталды және қазақстандық қыз-жігіттер ә дегеннен жүлдеге қол соза алмады. Байрақты бәсеке Швецияның Идре қаласында өтіп жатыр. Өкінішке орай, ұлттық команданың үздігі әрі олимпиада жүлде алған жалғыз спортшымыз Юлия Галышева жарақатына байланысты қатыса алмады. Әйелдер арасындағы сында ел намысын қорғаған Анастасия Городко мен Аяулым Әміренова, сәйкесінше, 9-шы және 15-ші сатыларға тұрақтады. Бұл жерлестеріміздің суперфиналға өте алмағанын білдіреді. Ал ерлердің көрсеткіші, тіптен, төмен. Павел Колмаков 32-ші, Антон Бондарев 41-орынға тұрақтады. Ақтық сынға тек алдыңғы 16 спортшы шығады. Ерлер арасындағы бәсекеде канадалық Микаэль Кингсбери жеңіске жетті. Үздік үштікке америкалық және швециялық спортшылар кірді.