WBO Головкинді рейтингтен алып тастады

WBO Головкинді рейтингтен алып тастады

Бүкіләлемдік бокс ұйымы соңғы жекпе-жектерді саралап, үздік боксшылардың тізімін жаңартты.

Орта салмақта 6-сатыда тұрған қазақстандық Генадий Головкин рейтингтен шығып қалды. Айта кетейік, WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белдік тағы бір қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының еншісінде. Бірінші орында британиялық кіші Крис Юбэнк болса, одан кейін тағы бір жерлесіміз Мейірім Нұрсұлтанов тұр. Ал үздік үштікті америкалық Шейн Мозли түйіндеді. Айта кетейік, Генадий Головкин соңғы рет былтыр жұдырықтасты. Яғни, шаршы алаңға шықпағанына жылдан аса уақыт өтті. Ақтық айқаста мексикалық Сауль Альвареске есе жіберген болатын. Одан кейін барлық чемпиондық белдігінен бас тартты. Головкин бүгінге дейін бас-аяғы 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Қазір жасы 41-де. Ол алдағы наурызда Алматыда жекпе-жек кешін өткізеді деген бейресми ақпарат бар және ол кәсіпқой масанбындағы соңғы кезедсуболуы мүмкін. Анық-қанығын Головкин тарапы жақын арада ресми жариялайды деп үміттенеміз.

Каратэден халықаралық турнир

Үш елдің үздіктері Астанада бас қосты. Бұнда «Қазақстан Оупен» деген атаумен киокушинкай-кан каратэден жылдың қорытынды жарысы өтті. Ашық форматтағы халықаралық турнирге көрші Ресей және Өзбекстан елінің спортшылары келді. Бұған қоса өзіміздің өрендер де бар. Бас аяғы 450-ден аса спортшы 2 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсеке балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында ұйымдастырылды. Жарыс аясында республикалық федерация жылды қорытындылап, ең үздік спортшылар мен бапкерлерге арнайы сыйлықтар табыстады. Бұған қоса, биыл елімізде жарыстар жиі өткізіліп, спортшыларымыздың шеберлік шыңдауына жақсы жағдай жасалғаны алға тартылды. Оның ішінде ең ірісі Алматы қаласында өткен әлем чемпионаты. Яғни, араға 4 жыл салып Қазақстан дүниежүзілік доданы қайта қабылдады және жалпыкомандалық есепте ұлттық құрамамыз бірінші орын алды.

С. Филимонов атындағы республикалық жарыс

Талдықорғанда белгілі зілтемірші Сергей Филимоновтың жүлдесіне арналған ауыр атлетикадан республикалық турнирі басталды. 77 келіде атой салған Афин Олимпиадасының күміс жүлдегері өз атындағы ашық турнирге келе алмады. Өйткені Үштөбе ауыр атлетика мектебінің түлегі қазір Ресейде жүр. Филимонов турниріне 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерден іріктелген 100 шақты спортшы қатысып жатыр. Араларында түрлі жарыстарда бағы мен бабы қатар шауып, ел рекордын жаңартып жүрген өрендер де бар. Солардың бірі Әлихан Досжан. Ол ауыр атлетикадан Жетісу облысының екі дүркін чемпионы. 4 жылдан бері зілтемір көтерумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол спорт шеберіне үміткер атанып үлгерді. Республикалық жарыстар күнтізбесіне енгендіктен Филимонов турнирінде жарқырай көрініп, чемпион атанған жасөспірімдерге спорт шебері атағы берілетінін де айта кетейік. 

Халықаралық турнирге дайындық

«Жеңіс Кубогі». Дәл осындай атаумен елімізде алғаш рет дзюдодан командалық халықаралық турнир өтеді. Байрақты бәсекені Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қабылдайды. Қазірдің өзінде оған 11 мемлекет өкілдері қатысатыны белгілі. Әсіресе Франция, Грузия, Өзбекстан, Моңғолия және Испания спортшылары бәсекелестікті қыздырайын деп тұр. Өйткені, сапында әлем чемпиондары мен олимпиада жүлдегерлері бар. Ал еліміз атынан Жансай Смағұл, Айбек Серікбаев, Асқар Нарқұлов және Ерасыл Қажыбаев сияқты ұлттық құрама мүшелері өнер көрсетеді. Бас-аяғы 17 клуб өзара мықтыны анықтайды. Командалық сынның ерекшелігі бұндағы жеңіс 5 салмақтағы кездесулер қорытындысы негізінде беріледі. Жоғарыда айттық, байрақты бәсеке алғаш өткізіліп тұр. Оның жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды. Яғни жеңімпаз атанған команда 30 мың доллар сыйақы алады. Күміс жүлдегерге 20 мың, ал қола жүлдегерге 10 мың доллар табысталады. Бұған қоса ерекше көзге түскен дзюдошыларға бөлек сыйақы да қарастырылған. Байрақты бәсеке ертең басталады. Оның қатысушылары қазір жарыс алындағы соңғы жалттығуды пысықтап жатыр.