Астанада қазақ күресінен ерекше форматтағы жарыс өтті

«Дала қырандары» анықталды. Астанада дәл осындай атаумен қазақ күресінен ерекше форматтағы жарыс өтті.

Ерекшелігі сол бұнда тек түйе палуанлар ғана емес, жеңіл, орта және ауыр салмақтағы жігіттер де өзара мықтыны анықтайды. Астанадағы ақтық сынға рейтинглік турнирлерге тұрақты қатысып, ең жоғары ұпай жинаған 64 палуан жолдама алды. Олар 8 салмақ бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, 55 келіде Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Еркебұлан Қалымбеков қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда жамбылдық Асылхан Дүйсенбекті жеңді. 60 келіде астаналық Ержан Еренқайыпов, 66 келіде жетісулық Әкежан Билалов, ал, 74 келіде тағы бір солтүстікқазақстандық Батырхан Қайырбек топ жарды. Ауыр салмқтарда қарағандылық Заңғар Марат, қызылордалық Еңбек Сақтағанов, шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровтар жеңімпаз атанды. Ал аса ауыр салмақта маңғыстаулық палуан, биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері Нұрдәулет Жарылғапов жеңіске жетті. Ұлттық күресіміздің насихатын күшейтіп, Қазақстанның спорттық мұрасын сақтауға және ілгерілетуге көмектесетін жарыс енді жыл сайын тұрақты ұйымадстырылады.