Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Қызылорда облысы қызу дайындалып жатыр
Биыл елімізде өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Қызылорда облысының шабандоздары да қызу дайындалып жатыр.
Басты мақсат – алдағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, байрақты бәсекеде ел қоржынына жүлде салу. Ат құлағында ойнаған өңір жастары бүгінде еліміз бойынша үздік үштікті түйіндеп тұр. Көкпар, жамбы ату, теңге ілу шеберлерінің дені Жаңақорған ауданының өрендері.
Наурызқожа Әмзеев 10 жасынан ат жалын тартып мінген. Әуелі ауыл арасындағы жаппай көкпарда жиі көзге түседі. Білегі балғадай, тақымы тастай жігітті жаттықтырушылар облыс құрамасына шақырған. Содан бері талай жарыста жүлделі болып, ұлттық құрама сапындағы мықтылардың қатарына қосылады. Ал 2018 жылы дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдесін иеленген. Енді алтын алуды мақсат етіп отыр.
Наурызқожа Әмзеев, көкпардан ұлттық құрама мүшесі:
- 2024 жылы Көшпенділер ойынына дайындықты бастап жатырмыз. Мен өзім жекпе-жек шабамын. Соған ат дайындаймын. Тәрбиелеймін басынан бастап. Соны чемпионатқа алып шағамын ғой. Кез келген атпен шауып кете алмайсың командалық көкпарда. Қай жерде не істеу керек, өзің не істеу керексің соны үйретуім керек, алаңның ішінде.
Биыл Қазақстанда өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Қызылорда облысының садақшылары да қатысуға ниетті. Олар алдағы іріктеу жарыстарына тыңғылықты дайындалып жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Садақ ату сырттан қарағанда жеңіл көрінгенмен, бірер секундтың ішінде тез шешім қабылдап үлгеру қажет екен. Оның бірнеше стилі бар. Түрік, Еуропалық және Азиялық деп аталады. Желдің жылдамдығы мен арақашықтықты да есептеп, нысананы дәл көздей білу маңызды.
Өткен жылы әлем біріншілігінде қола жүлде еншілеген Пернебай Ақәділге бапкерлер үміт артып отыр. Ат үстінде жамбы атудың шебері мергендік өнерін одан әрі шыңдап жүр.
Исламхан Боранбаев, облыстық ат спорты түрлерінен аға жаттықтырушы:
- Ұлттық құрамаға 22 балаға дейін алынып, солардың ішінен сәуірдегі жарыста іріктеліп, шығады. Ақпан айында көкпардан 6 спортшымыз республикалық оқу-жаттығу жиынына кетіп бара жатыр. Солардың ішінен көшпенділерге қатысатын спортшылар шығып қалады деп үміттеніп отырмыз.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынында олжа салу – ұлттық ат спортында жасындай жарқырап жүрген өрендер үшін ең жоғарғы жетістік. «Айтулы аламанда сырбойылық шабандоздар ел намысын абыроймен қорғау үшін жоспарлы жаттығуды жүйелі жалғастыра береді»,-дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин