Чемпион Илья Мизерных Алматыға оралды
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, шаңғышы Илья Мизерных Алматыға оралды.
Спортшыны әуежайдан оның отбасы мен достары, журналистер күтіп алды. Анасы қуаныштан көз жасына ерік берсе, достары тарихи сәтті таспалап мәре-сәре болды.
Айта кетейік, Илья халықаралық спорт жарысында шаңғымен трамплиннен секіруден 38 бәсекелесін артта қалдырып, үздік нәтиже көрсеткен. Бұл жасөспірімдер арасындағы қысқы ойындардан ел тарихындағы алғашқы алтын. Жерлесіміз Алматы қаласындағы №3 Кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде оқиды. Спортшы өзіне қолдау көрсеткен отандастарына алғысын білдірді.
Илья Мизерных, жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы:
- Керемет сезімде тұрмын. Алғашында жеңіске жеткеніме сене алмадым. Қазақстандықтарға көп рақмет, қолдауларыңызды сездім. Қазақстан чемпиондарға бай мемлекет қой, әлі де жеңімпаздар шығатынына сенімдімін.