«ПСЖ» командасы «Реал Сосьедадты» жеңді

«ПСЖ» командасы «Реал Сосьедадты» жеңді

«ПСЖ» «Реал Сосьедадты» ұтты.

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні франциялық және испаниялық клубтар Париж қаласында кездесті. Ойынның бірінші бөлігінде есеп ашылмады. Тек 58-ші минутта ғана алаң иелері сапындағы Килиан Мбаппе мергендігімен көзге түсіп, өз командасын алға шығарды. Ал 70 минутта «ПСЖ» сапындағы Брэдли Баркола мүмкіндігін сәтті пайдаланып, таблодағы нәтижені еселей түсті. Қорытынды есеп: 2:0. Енді қос команда бірер аптадан кейін, нақтырақ айтқанда, 5-ші наурыз күні Испанияда қарымта матч өткізеді. Келесі кезеңге жолдама алатын команда сол жерде анықталады. 

"Бавария" "Лациодан" жеңілді

Ал «Бавария» «Лациодан» жеңілді. Ашығын айту керек, футбол мамандары да, жанкүйерлер де бұндай нәтижені күтпеді. Жалпы италиялық клуб алғаш рет «Баварияны» ұтып тұр. УЕФА чемпиондар лигасы аясындағы матч Рим қаласында өтті. Кездесу барысында ережені өрескел бұзған Деотшанкюль Юпамекано қызыл қағаз алып, жасыл алаңнан қуылды. Сәйкесінше «Бавария» аз құраммен ойнауға мәжбүр болды. Ал кездесудегі жалғыз голды 69-шы минуттта Чиро Иммобиле соқты. Ол 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Осылайша 1:0 есебімен «Лацио» жеңіске жетті. Енді қос команда 5 наурыз күні Мюнхен қаласында жолығып, ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Еске сала кетейік, 2021 жылы да аталмыш командалар чемпиондар лигасы аясында 2 рет кездесті және 2-еуінде де «Бавария» басым болды.

ҚХЛ: «Барыс» жеңіске жетті

Көптен күткен жеңіс. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» қатарынан 11 жеңілістен кейін есін жинап, ақыры есе қайтарды. Астаналық команда бұл жолы сырт алаңда "Адмирал" хоккей клубымен кездескен еді. Ресейдің Владивосток қаласында өткен матч 3:2 есебімен аяқталды. Қонақтар ә дегеннен басымдықты өз қолдарына алып, бірінші кезеңде қос шайба соқты. Авторы Евгений Рымарев және Энтони Камара. Дәл осы Рымарев екінші кезеңде тағы да мергендігімен көзге түсті. Ал ойынның соңғы, яғни үшінші бөлігінде алаң иелері есеп айырмасын қысқартты. Бірақ таразы басын теңестіріп үлгермеді. Осылайша жеңіске жеткен «Барыс» 63 матчтан кейін 48 ұпай жинады. Бұл өте төмен көрсеткіш. Яғни негізгі чемпионат аяқталмай жатып, плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылды деген сөз. Олег Болякин баптайтын жігіттер алдағы күндері сырт алаңда тағы 2 кездесуге қатысады. Бірақ оның нәтижесі жалпы нәтижеге еш әсер етпейді. Айта кетейік, «Барыс» бұның алдындағы маусымдарда да негізгі чемпионаттан аса алмай, алдына қойған тапсырманы орындамады. Яғни үмітті ақтамады.

Ұлттық құраманың қарсыластары белгілі болды. Тура 2 жылдан кейін Италияның Милан қаласында қысқы олимпиада болады. Ал оның жолдамалары қазірден сарапқа салынып жатыр. Мәселен, хоккейден Қазақстан командасы алдағы жазда іріктеу кезеңіне қатысады. Байрақты бәсекені Словакия астанасы Братислава қабылдайды. Ол жерде Қазақстан, Австрия, Венгрия және жергілікті Словакия құрамалары жалғыз жолдаманы сарапқа салады. Араларынан үздік шыққан командаға лицензия беріледі. 2026 жылғы олимпиадаға дәстүрлі түрде 12 хоккей командасы қатысуы қажет. Оның 8-іне 2023 жылғы әлем чемпионатынан кейін рейтингте алдыңғы қатарында тұрған командалар кіреді. Одан кейінгі 3 құрама олимпиадалық іріктеу арқылы анықталады. Ал қысқы ойындарды қабылдайтын  Италия тарапы алаң иесі ретінде іріктеусіз қатыса береді.

Әскери шаңғышылар өзара мықтыны анықтады. Астананың орталық саябағында Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері арасында шаңғы біріншілігі өтті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жарыс жолы жан-жақты тазартылып, спортшылардың еркін көсілуіне жағдай жасалған. 150-ден аса әскери қызметші жүлделі орындарды өзара сарапқа салды. 1000 метрлік жарыста Әскери орталық бас жүлдені иеленсе, Мемлекеттік құпияларды қорғау департаменті екінші, ал Әкімшілік департаменті үштікті түйіндеді. Ал 2500 метрлік бәсекеде Әскери полицияның бас басқармасы топ жарды. Тыл бастығының басқармасы мен Қару-жарақ басқармасы екінші және үшінші орындарды бөлісті. Жекелей сында жүлде алған шаңғышылар енді әскерилер арасындағы халықаралық жарыстарға қатысады.

Олжас Сердалиев, ҚР ҚМ Спорт комитеті төрағасының орынбасары