Парадзюдошылар әлемдік аламанда топ жарды

Елена Рыбакина әлемнің екінші ракеткесы атанды.

Әйелдер теннисі қауымдастығы күні кеше үздіктер тізімін жаңартқан болаптын. Нәтижесінде қазақстандық спортшы 4-ші орыннан 2-ші орынға көтерілді.

Бірінші орында беларусь өкілі Арина Соболенко болса, польшалық Ига Швентек үздік үштікті түйіндеді.

Василий Жиров: Елге оралғым келеді

Василий Жиров елге оралып, ұлттық құраманы жаттықтырғысы келеді. Бұл жөнінде қазақстандық боксшылар арасынан тұңғыш Олимпиада чемпионы Kazinform агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді. Ардагер боксшы қазір мұхиттың арғы жағында өмір сүреді. «Қазақстан бокс мектебін мақтан тұтамын. Александр Апачинский, Әбдісалан Нұрмаханов, Феликс Цой сияқты танымал мамандармен жұмыс істедім. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздім. Қазір америкалық мамандармен де байланысым бар. Соңғы жылдары елге оралуды ойлап жүрмін. Туған жерді сағындым. Егер ұсыныс түсіп жатса, әрине, қуана қабылдаймын», – деді Василий Жиров. Сондай-ақ кәсіпқой бокстағы «Балқаш жолбарысы» Париждегі Олимпиадада қазақ былғары қолғап шеберлерінің алтын алуға мүмкіндігі барын айтты. «Өткен жазғы ойындарда чемпионымыз болмағанымен, қазақстандық бокс мектебін есептен шығаруға болмайды. Еліміздің бас командасына мүмкіндігінше көп жолдама ұтып алуды тілеймін. Әрбір қазақстандық сияқты мен де Франция астанасында еліміздің Әнұраны шырқалғанын қалаймын», – деп сөзін түйіндеді Василий Жиров.

 

Өзбекстандық боксшы елімізге көшіп келді

Өзбекстандық боксшы елімізге көшіп келді. Аман Қонысбеков есімді қандасымыз былтыр Өзбекстан чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. 71 келіге дейінгілер арасында жұдырықтасатын ол жартылай финалда әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевпен кездесіп, тегеурінді қарсылық танытты. Тіпті бірінші раундта Асадхужаны нокдаундқа да түсірді. Десе де жекпе-жектен кейін төрешілер шешімімен әлем чемпионы жеңімпаз деп танылды. Айтпағым, дәл осы Аман Қонысбеков жуырда ғана Астана қаласына көшіп келді. Ол бүгінгі таңда елордада ағасымен бірге тұрып жатыр. Ал бокс бәсекелеріне Түркістан облысының атынан қатыспақ. «Bassport.kz» порталының хабарлауынша, Аман Қонысбеков дәл қазір Алматыда отандық былғары қолғап шеберлерімен бірге дайындықты пысықтап жатыр.

 

Ж.Әлімханұлы барлық титулды біріктірмек

«Маған тағы 2 чемпиондық атақ керек». Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасына осындай жазба қалдырды. Кәсіпқой бокстағы жерлесіміз жақын болашақта өз салмақ дәрежесінде «абсолютті» чемпион атанғысы келеді.

Айта кетейік, Жәнібектің қолында қазір WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпиондық белдіктер бар. Ал қалған қос титул, атап айтқанда, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы америкалық Джермалл Чарлоға, ал WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы кубалық Эрисланди Лараға тиесілі.

Айта кетейік, Жәнібек кәсіпқой рингте бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Соның арқасында жоғарыда айтқан WBO және IBF белбеулерін біріктірді.

 

Әлемдік аламанда топ жарды

Дзюдошылар жіберген есені парадзюдошылар қайтарды. Естеріңізде болса, бірер күн бұрын Әзербайжан астанасы Баку қаласында әлемдік гранд-слэм өтіп, 26 спортшымыздың 25-і жеңіліп қалды. Яғни ұлттық құрама сапынан Әбиба Абужақыноваға ғана қолаға қол созған болатын. Бұл жағдай қазақстандық жанкүйерлер мен спорт мамандарының ашуын туғызды. Есесіне күні кеше Германияның Гейдельберг қаласында парадзюдодан әлемдік гран-при ұйымдастырылып, жерлестеріміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Ұлттық команда өкілдері бас-аяғы 5 медаль жеңіп алды. Оның екеуі алтын. Атап айқанда, ең жеңіл салмақтағы Ақмарал Науатбек барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ақтық сында қытайлық дзюдошыны иппон әдісімен жеңді. Артынша оның жеңіс жолын 70 келіге дейінгілер арасында Зарина Раифова жалғастырды. Ол финалда кубалық Шейла Самарианды вазари әдісімен ұтты. Бұған қоса ерлер арасында орта салмақтағы Ерғали Шамей, ауыр салмақтағы Жұрқамырза Шүкүрбеков және әйелдер арасында Аяла Мереке қола жүлдеге қол созды. Айта кетейік, Германиядағы жарысқа 47 мемлекеттен 200-ден астам спортшы қатысты.

 

Ерекше балаларды қолдау қажет

Мүмкіндігі шектеулі балаларды спорт арқылы аяққа тік тұрғызуға болады. Елдордада ерекше бүлдіршіндерді жаттықтыратын арнайы орталық бар. Қазақстандық мамандар әлемде теңдесі жоқ әдістеме ойлап тауып, медицина көмектесе алмаған тұстарды спортпен жетілдіріп жатыр. Қазір бастамаға 5 бірдей ел қызығушылық танытып, сол жақтарда бөлімшесін ашуды ұсынып отыр. «Осы тұста отандық мамандарға барынша қолдау танытып, мүмкіндік ашып беруіміз керек», – дейді Нартай Аралбайұлы. Мәжіліс депутаты бейімдеу орталығына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Балалармен бірге жаттығуға қатысты. Сол жердегі бапкерлермен және ата-аналармен сөйлесті. Алдағы күндері денсаулық сақтауға және дене шынықтыруға жауапты министрлермен бірге осы мәселені жан-жақты талқылап, бірлесе қолдау жағын қарастыруға уәде берді. Жалпы ерекше балаларға арналған мұндай бастамалар назардан тыс қалмау қажеттігін қадап айтты.