Ә. Әбужақынова: Иығыма операция жасату керек
Иығымның екі жерінен еті сөгіліп, сіңірі жыртылып жатыр.
Дзюдодан ұлттық құраманың үздігі Әбиба Әбужақынова ауыр жарақатпен күресіп жүргенін айтып, жанкүйерлердің жағасын ұстатты. «Толыққанды жазылдым деп айтуға әлі ерте. Тіпті операция да жасату керек. Уақыт өте тығыз. Париж Олимпиадасы жақындап қалды», - деді Әбиба. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасап Басспорт кз порталы хабарлады. Атыраулық дзюдошы бұл жарақатты былтыр Дохада өткен әлем чемпионатында алды. Содан бері толыққанды қалпына келіп үлгермеген. «Қолдан келер бір ғана қайран – иықтың бұлшық етін шынықтырып, жарақатты ұлғайтып алмау. Баппен жаттығу жасаудың нәтижесінде ғана жарыстарға қатысып жүрмін», - деді Әбиба. Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова жыл басынан бері 2 жарысқа қатысып, екеуінде де жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, алдымен Португалиядағы әлемдік гран-приде, артынша Әзербайжандағы әлемдік гранд-слэмде қола жүлдегер атанды.