Баскетболдан ел чемпионаты басталды

Су спорттарынан Азия чемпионаты. Қоржынымыздағы жүлделер саны 31-ге жетті.

Оның 16-сы – алтын. Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың үшінші күні қазақстандық қыз-жігіттер 10 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе әйелдер арасындағы 100 метрлік бәсекеде Ксения Игнатова мен Софья Сподаренко топ жарды. Ксения шалқалай жүзу бойынша, Софья еркін жүзу бойынша бақ сынаған болатын. Әйелдер арасындағы командалық сында да ұлттық құрама өкілдері үздік нәтиже тіркеді. 400 метрлік эстафетаға жоғарыда аты аталған Ксения Игнатова мен Софья Сподаренко, бұған қоса Аделаида Пчелинцева мен Диана Тасжанова қатысқан болатын. Диана артынша жекелей сында, яғни 400 метрге еркін жүзуде күміс медаль жеңіп алды. Ерлер арасында қазақстандық Әдібек Мусин 100 метрге еркін әдіспен жүзуде кезекті күміске қол созды. Бұл – «А» тобындағы спортшыларымыздың нәтижесі. «В» тобындағы жерлестеріміздің көрсеткіші де жақсы. Атап айтқанда, Егор Попов пен София Әбубәкірова жекелей сында Азия чемпионы атанды. Нью-Кларк-Сити қаласындағы құрлықтық дода 9 наурызға дейін жалғасады.

Азия чемпионатында жеңіске жетті

4 алтын, 2 күміс және 4 қола. Қазақстандық велотрек шеберлері Азия чемпионатынан осындай олжамен оралды. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлықтық дода Үндістанның Дели қаласында өткен болатын. Байрақты бәсекеге 23 елден 300-ден аса қатысушы жиналды. Олардың арасында елордадағы Олимпиадалық даярлау орталығының шәкірттері де бар. Бас-аяғы 17 спортшымыз аттанып, 10 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, алғашқы күні қазақстандық Ердәулет Егізбай алтын жүлдеге қол созды. Ол жекелей скретч жарысында бақ сынаған болатын. Артынша оның жеңіс жолын қыздар арасында Аружан Рақымжан мен Мария Елькина жалғады. Ал қыздар арасындағы командалық сында ұлттық құрамамыз 2-ші орынға тұрақтады. Бұл бәсекеге жоғарыда аты аталған Аружан мен Мариядан бөлек, Динара Көпжасарова, Гүлназ Құрметбекқызы және Аружан Тоқбаева қатысқан болатын. Тағы бір күмісті 1000 метрлік бәсекеде Данияр Шаяхметов жеңіп алды. Ұлдар арасындағы командалық сында бір қоламыз бар. Бұған қоса Динара Көпжасарова, Диана Косолапова және Кириил Чжан сияқты жерлестеріміз өз бәсекелерінде үздік үштікті түйіндеді.

Баскетболдан қысқы Қазақстан чемпионаты 

Ел үздіктері Шымкентке жиналды. Ол жақта 3х3 баскетболдан, яғни көше баскетболынан балалар мен жасөспірімдер арасындағы қысқы Қазақстан чемпионаты басталды. Ішкі біріншілік 4 жас деңгейі бойынша өтіп жатыр. Айтулы аламанға еліміздің 11 аймағынан 109 команда жиналды. Яғни бас-аяғы 400-ден аса балғын баскетболшы 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгілер арасында ел чемпиондарын анықтайды. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан жарыстың жалпы қорытындысы бүгін кешке белгілі болады.

Әзиз Тұрсымбаев, жарысты ұйымдастырушы:

- 3х3 баскетболы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген соң бұл спортқа деген қызығушылық артты. Баскетболдың дамуына жол ашылды. Қазір жарыс қожайындары Шымкент пен Түркістан облысы, Алматы қаласының командалары жақсы ойнап жатыр. Балалардың ойын деңгейі де өскені байқалады.

Қарқаралы шаңғы марафоны өтеді

Қарқаралы шаңғы марафоны. Дәл осындай атаумен Қарағанды облысында дәстүрлі республикалық жарыс өтеді. Айтулы аламанды осыдан 3 жыл бұрын жергілікті Думан Бейсенаев есімді спорт жанашыры қолға алған еді. Міне, содан бері ол өз күшімен жыл сайын тұрақты ұйымдастырып келеді. Биылғы бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса қатысушы жиналады деген жоспар бар. Шаңғы марафоны әуесқойлар, кәсіпқойлар және ардагерлер арасында болады. Бұған қоса балалар арасында да бөлек жарыс өткізілмек. Алдағы уақытта жоба авторы марафонның форматы мен ауқымын ұлғайтып, халықаралық деңгейге шығаруды көздейді. Өкініштісі сол, байрақты бәсеке осы күнге дейін облыстық не республикалық жарыстар күнтізбесіне енгізілмеген. Сәйкесінше мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау таппай келеді.