Кентаулық жаттықтырушы Оманда бокс мектебін ашты
Қазақ бокс стилі әлемді таңдай қақтырып жатса таңғалмаңыз. Қазақтың боксшыларына ғана емес, бапкерлеріне де сұраныс жоғары.
Қиырдағы Оман мемлекетінде де қазақтар жүр. Кентаулық жаттықтырушы сондағы жұртты боксқа баулиды. Ол – жай ғана жаттықтырушы емес, осы елдегі бокс мектебінің негізін қалаушы. Олжас Паржанов мұндағы тұралап қалған спорт түрін дамытып, болашақ чемпиондар дайындап жүр екен.
Оман – Арабия түбегінің шығысында орналасқан мемлекет. Халық саны – 4,5 млн. Негізінен әлемге мұнай мен газ экспорттайды. Бай мемлекет болғанымен, жетіспейтін тұстары бар. Соның бірі мұнда ешқандай бокс мектебі болмаған. Сөйтіп, Қазақстаннан осы өнерді импорттауға көшкен. Бұл сөзімізге мұнда үздік бокс мектебін ашқан Кентаудың тумасы Олжас Паржанов дәлел. Ашылғанына бір жыл болған былғары қолғап клубына қазір 160-қа жуық омандық келіп жаттығады.
Олжас Паржанов, бокс мектебінің негізін қалаушы:
- Негізі Оманда ашамын деп 2014 жылдан бастап зерттедім. Әр адам әр салада жүргенімен, кез келген салада бірінші болып ашқанды армандайды. Қазақстанда бокс үйірмелері өте көп. Бәсекелестік те көп. Ал, мысалға, Оманда біз жалғызбыз қазір. Бізге бәсекелес жоқ. Бәсекелестер шығып жатыр қазір. Бірақ бізге жету әлі ерте оларға.
Мұнда бокс клубына келушілер екіге бөлінеді. Бірі артық салмақтан арылуды мақсат етсе, енді бірі Оманның атын әлемге танытар боксшы болғысы келеді. Себебі олар осы спорт түрінен Олимпиадаға соңғы рет 1988 жылы қатысқан.
Самир әл-Ашкар, әуесқой боксшы:
- Менің армандарым көп. Өмірден өз орнымды тапқым келеді және сол орным бокста деп ойлаймын. Чемпион болғым келеді. Сол арманымның жолында дәл осы бокс клубының рөлі зор. Жаттығу барысында барлығына үйретіп жатыр.
Аиша әл-Харти, әуесқой боксшы:
- Біз бүкіл отбаымызбен АҚШ-тан Оманға көшіп келгенде бокспен айналысқымыз келді. Сонда бірде-бір бокс үйірмесін таба алмадық. Дәл осы бокс клубы алғашқысы болып отыр. Бапкерлеріміз шебер. Нөлден бастап үйретуге дайын. Қазір жай клуб емес, үлкен отбасы сияқтымыз.
Эрфан Абдулла, әуесқой боксшы:
- Бұл клубта бүкіл Оман бойынша ең мықты бапкерлер мен бокс стилі барына көзім жетті. Тек мен емес, келген жігіттердің барлығы нәтижелерімізді көріп, алға қарай ұмтылып жатырмыз. Қазірден жүлде алып, кіші жарыстарда топ жардық.
Жастайынан боксқа әуес болған Олжастың мансабы алғашында әскери бағытта өрбіген. Пәкістандағы әскери теңіз академиясында жүргенде-ақ бокстан жарыстарға қатысқан. Кейін майор шенін бапкерлікке айырбастап, Арабия түбегінде қазақтың бокс стилін насихаттауға көшеді.
Олжас Паржанов, бокс мектебінің негізін қалаушы:
- Біздің қазақтың бокс стилі өте мықты. Қазір де дәлелдеп келе жатырмыз. Мысалы, жақын арада Шарджада спарингтер өтті. Қазіргі таңда біздің залымыздың абыройы өте мықты. Жақын арада турнир өткіздік. Өте үлкен халықаралық турнир өткіздік. Бізге Кувейт, Араб Әмірліктері келді.
Олжас бастаған бапкерлер алдағы уақытта қазақ спортшыларын тәжірибе алмасуға шақырып, екі елдің спорт саласында әріптестікті көздейді. Сөйтіп, Омандағы тұралап қалған бокс федерациясын дамытып, қайта ашқысы келеді. Маусым сайын болатын жарыстарға да дайындалып жатыр. Қазақ стилі қайда да жеңіске жеткізеріне сенімі мол.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Ернар Жақсыбаев.